Өнімнен нарыққа дейінгі жол: Қостанайда агрожиын өтті

Өнімнен нарыққа дейінгі жол: Қостанайда агрожиын өтті

Қостанайда «Егін орағынан кейін. Агро маусым – 2026» халықаралық іскерлік аграрлық кездесуі өтіп, өңір диқандары шетелдік сатып алушылармен, қайта өңдеушілермен және агробизнес өкілдерімен тікелей байланыс орнатты. Жиын өнімді қайда өткізуге болады, оны қандай бағамен сатуға тиімді, экспорттық нарыққа шығудың жолы қандай деген маңызды сауалдарға жауап іздеген іскерлік алаңға айналды.
Астықтың қамбаға құйылып, егін науқанының аяқталуы жұмыстың соңы емес. Өйткені маңдай термен өсірген өнімді нарыққа шығару, тұрақты сатып алушы табу, тиімді бағаға келісу және шетелдік серіктестермен ұзақ мерзімді байланыс орнату да агроөндірістің маңызды бөлігі. Осыны көздеген халықаралық кездесу барысында Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Өзбекстан, Ауғанстан және басқа да нарықтардың өкілдерімен жүздесіп, тікелей келіссөздер жүргізді.blankАуғанстанның Герат провинциясынан келген сатып алушылар делегациясы астық, майлы және бұршақ дақылдары, рапс, зығыр, жасымық, ұн және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға қызығушылық танытып отыр. Олардың басты көздегені – қазақстандық өндірушілермен тікелей байланыс орнатып, сенімді жеткізушілер тауып, нақты келісімдерге келу.blank Қостанай облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов форумға қатысушыларды өңірде қарсы алып, облыс үшін аграрлық саланың айрықша маңызын атап өтті.

«Қостанай облысы еліміздің ірі аграрлық өңірлерінің бірі. Ауыл шаруашылығы облыстың барлық аудандары экономикасының негізін құрайды. Биыл облыста көктемгі егіс алқабы 5,3 миллион гектарды құрады. Оның басым бөлігін дәстүрлі түрде дәнді дақылдар алып жатқанымен, өңірде егіс құрылымын әртараптандыру жұмысы да күшейді. Биыл майлы дақылдардың көлемі алғаш рет 1 миллион 108 мың гектарға, дәнді-бұршақты дақылдар 230 мың гектарға жеткізілді. Сонымен қатар картоп пен мал азықтық дақылдардың егіс көлемі де ұлғайды», – дейді басқарма басшысы.

blankБұл өзгеріс кездейсоқ емес. Нарықтағы баға құбылмалы болған жағдайда бір ғана дақылға тәуелді болып қалмау шаруашылықтар үшін маңызды. Әртараптандыру арқылы шаруалар өндіріс бағытын кеңейтіп, нарықтағы сұранысқа қарай тиімді дақылдарды таңдауға ұмтылады.
Өңірдегі агросектордың тұрақтылығына мемлекеттік қолдау да айтарлықтай әсер еткен. Ибрагим Ерболатұлы биыл ауыл шаруашылығына бағытталған қолдау көлемі 323 миллиард теңгеге жеткенін айтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 56 пайызға көп. Қолдау субсидиялау, бюджеттік және жеңілдетілген несие беру, көктемгі егіс пен жиын-терін жұмыстарына арналған қаржыландыру, сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» арқылы техниканы жеңілдетілген лизингке беру бағыттарында жүзеге асқан.
Мал шаруашылығын дамыту да назардан тыс қалмаған. Осы бағытта 2024–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жұмыс жүргізіліп, облысқа жеңілдетілген несие беруге арналған алғашқы 5 миллиард 135 миллион теңге транш түскен.
Бастысы егіс даласындағы еңбек нақты нәтижеге ұласқан. Облыста астық жинау науқаны аяқталуға жақындап, 3,8 миллион гектар немесе жалпы алқаптың 94,5 пайызы орылып отыр. Қоймаға 5,3 миллион тонна астық құйылып, орташа өнімділік гектарына 13,8 центнерді құрады. Майлы дақылдар, картоп пен көкөніс жинау жұмыстары жалғасып жатыр.blank Өңір астығының негізгі бағыты ішкі нарықпен шектелмеген. Жыл басынан бері облыстан 1 миллион 841 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі жөнелтіліп, оның 1 миллион 259 мың тоннасы экспортқа шығарылған. Негізгі нарықтардың қатарында Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Латвия бар. Жөнелтілген өнімнің шамамен 80 пайызы бидай. Бұған қоса 637 мың тонна ұн жөнелтіліп, оның 585 мың тоннасы сыртқы нарыққа бағытталған.
Орталық Азия аграрлық нарығы мен логистикасының сарапшысы Алишер Махмудов Қостанай мен Өзбекстан арасындағы байланыстың соңғы кезеңде айтарлықтай жанданғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Өзбекстандағы ірі халықаралық конференцияға қатысып, екі елдің ұн тарту және май-тоңмай кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізген. Қостанайлық делегацияның Өзбекстандағы кездесулерге белсенді қатысуы кейін өзбекстандық кәсіпкерлердің Қостанайға келуіне жол ашқан.

«Біз Өзбекстанға майлы дақылдар мен бидай жеткізетін сенімді жеткізушілерді тапсақ дейміз. Мұнда астық сапасы да жақсы. Білуімше биылғы өнімнің сапасы жоғары. Кейбір алқаптарда бидайдың табиғи ақуыздар тобы 30 пайыздан асып, жекелеген жерлерде 32 пайызға дейін жетіп отыр. Әр нарықтың өз талабы бар. Өзбекстандағы кейбір ірі өндірушілер жоғары клейковиналы бидайға сұраныс білдірсе, Ауғанстан нарығында төртінші сыныпты астыққа да қажеттілік бар. Демек, мәселе өнімнің бар-жоғында ғана емес, оның нақты тұтынушысының талабын білуге келіп тіреледі», – дейді сарапшы.

blankАграрлық өндірістің тағы бір маңызды бағыты технология мәселесі туралы өзбекстандық өкіл айтып берді. Өзбекстандағы жапон-өзбек бірлескен кәсіпорны IFODA компаниясының өкілі Кадырбек Мирзамахмудов кәсіпорынның ауыл шаруашылығындағы отыз жылдан астам тәжірибесі бар екенін жеткізді. Компания өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералды және микро тыңайтқыштарды өндірумен айналысады. Оның айтуынша, соңғы он жылда ғылым, агрономдар, фермерлер мен технологиялық компаниялардың бірлескен еңбегінің арқасында Өзбекстанда бидай өнімділігі гектарына 100 центнерге дейін, мақта өнімділігі 70 центнерге дейін жеткен. Алайда IFODA өкілдері Қостанайға дайын өнімін өткізу үшін ғана келмеген. Олар жергілікті шаруалардың нақты мәселесін зерттеп, екі жақтың тәжірибесін ұштастыруды көздейді.

«Біз мұнда біреуге бір нәрсе сатуға немесе үйретуге ғана келген жоқпыз. Жергілікті фермерлердің қандай проблемаларға тап болатынын білгіміз келді. Өз тәжірибеміз бен қостанайлық шаруалардың жер туралы білімін біріктіріп, өнімділікті арттырудың тиімді шешімдерін бірге іздегіміз келді», – деді Кадырбек Мирзамахмудов.

blankКомпания өкілі ауыл шаруашылығында цифрлық технологиялардың да маңызы артып келе жатқанын айтты. IFODA мамандары жасанды интеллект негізінде арнайы чат-бот әзірлеген. Фермер егістіктегі мәселені суретке түсіріп, жүйеге жібере алады. Чат-бот ауыл шаруашылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, қажетті препараттарды таңдауға, оларды қолданудың экономикалық тиімділігін есептеуге дейін көмектеседі. Яғни бүгінгі ауыл шаруашылығы тек трактор мен тұқымнан тұрмайтыны анық байқалды. Ғылым, цифрландыру, логистика, маркетинг және халықаралық байланыс бір тізбектің бөлшегіне айналып отыр.
Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қауымдастығының өкілі Эдуард Двуреченский қазіргі агросектордың технологиялық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, топырақ өңдеуден бастап өсімдікті қорғау, тұқым шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллектке дейінгі жаңа технологиялар бүгінде ауыл шаруашылығының ажырамас бөлігіне айналған.blankСарапшы Орталық Азия елдері арасындағы аграрлық интеграцияның күшейіп келе жатқанына да назар аударды. Оның пікірінше, ынтымақтастық енді тек өнім өндірумен шектелмей, оны өсіру, өңдеу және өткізу бағыттарын да қамтымақ. Әсіресе Өзбекстан мен Ауғанстан нарықтарының ашылуы қазақстандық фермерлер үшін жаңа бағыттарға жол ашқан.

«Қазір Орталық Азияда аграрлық интеграция қалыптасып келеді. Бұл өндіріс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру және қайта өңдеу бағыттарының бір-бірімен байланысуы. Нарық тек Өзбекстанмен шектелмей, Ауғанстанға да ашылып жатыр. Яғни даму бағыты үлкен мүмкіндіктері бар Азия нарығына қарай бет бұрды», – деді Эдуард Двуреченский.

Оның өзі фермер ретінде өнімді делдалдар арқылы ғана емес, тікелей қайта өңдеушілерге жеткізуге мүдделі екенін жеткізді. Бұл жерде мәселе тек экспорт көлемін ұлғайтуда емес, шаруаның еңбегіне сай әділ баға алуында.

«Бізге Өзбекстан, Ауғанстандағы және өзге де елдердегі қайта өңдеушілермен тікелей жұмыс істеу тиімді болар еді. Ұн тартатын кәсіпорындармен, май-тоңмай өнімдерін өндірушілермен байланыс орнатуға тырысамыз. Себебі нарықтағы бағаға түрлі ықпалдар болмай, өз өнімімізге әділ әрі тиімді баға алғанымыз маңызды. Екі өндіруші тікелей сөйлескен кезде өзара тиімді баға деңгейін таба алады», – деді қауымдастық өкілі.

blankАлайда аграрлық нарықтағы жағдайдың күрделілігі де осы тұста анық көрінді. Эдуард Двуреченский қазіргі бағалардың төмен екенін және шаруалардың рентабельділіктің шегінде жұмыс істеп отырғанын айтты. Әсіресе өнімділікке ауа райының әсері, нарықтағы ұсыныстың шамадан тыс көп болуы және бағаның тұрақсыздығы фермерлердің табысына салмақ түсіріп отыр. Оның сөзінше, кейбір дақылдарды өндіру кезінде нарықтағы баға шаруаның шығынын ақтамай қалатын жағдайлар болған. Ол жасымықты мысалға келтіріп, өнім көлемі артқан кезде сатып алушылардың бағаны төмендетуі фермердің келесі маусымда сол дақылды қайта егуге деген ынтасын азайтатынын атап өтті.

«Егер біз рентабельді жұмыс істей алмасақ, өнім өндіруді тоқтатамыз. Ал тоқтап қалған өндірісті қайта жандандыру оңай емес. Мәселен, жасымық бойынша да осындай жағдай қалыптасқан. Өнім көп болған кезде баға төмендеп, гектардан түсетін табыс шығынды ақтамай қалуы мүмкін. Бұл нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арасындағы үлкен мәселе. Екінші ұшы өнімді сақтауға және өңдеуге арналған инфрақұрылымның жеткіліксіздігіне келіп тіреледі. Қайта өңдеу кәсіпорындары салынғанымен, кей жағдайда олардың жанында қажетті элеватор, кептіру қондырғылары немесе жеткілікті сақтау қуаты болмайды. Мұндай жағдайда қосымша шығынның ауыртпалығы қайтадан фермердің мойнына түседі», – деді ол.

blankАл ауыл шаруашылығындағы тағы бір өткір мәселе – логистика. Эдуард Двуреченский тасымал тарифтерінің өсуі ауыл шаруашылығы өнімінің өзіндік құнына тікелей әсер ететінін айтты. Оның пікірінше, теміржол тасымалы қымбаттаған сайын бұл шығынды түпкі тұтынушы емес, көбіне фермер көтеріп, сатып алу бағасы соған сәйкес төмендейді. Сонымен бірге ол фермердің негізгі міндеті өнім өндіру екенін, ал дайын өнімді шекара асырып өткізу, тасымалды ұйымдастыру, вагон мен басқа да логистикалық мүмкіндіктерді қамтамасыз ету арнайы маманданған трейдерлердің жұмысы болуы керектігін айтты.

«Әлемнің барлық жерінде еңбек бөлінісі бар. Фермер өнім өндіреді, ал трейдер оны нарыққа жеткізуге қажетті мүмкіндіктер мен логистиканы қамтамасыз етеді. Сондықтан тасымал тарифінің өсуінен туындайтын барлық шығынды фермердің мойнына арту дұрыс емес», – деген пікір білдірді қауымдастық өкілі.

blankОсы тұрғыдан алғанда, Қостанайда өткен B2B кездесулердің маңызы зор. Өйткені өндіруші мен сатып алушының тікелей жүздесуі нарықтағы сұранысты нақты білуге, өнім көлемі мен сапасына қойылатын талаптарды алдын ала талқылауға және ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға жол ашпақ. Өңірде өндірілген астық пен ұнның шетелдік нарықта бұрыннан сұранысы бар. Ендігі мақсат – сол байланысты жүйелі сипатқа көшіріп, тек шикізат сатумен шектелмей, ұзақ мерзімді серіктестік пен өңдеу бағыттарын дамыту.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ