Партиялар арасындағы теледебаттар бірнеше телеарнада көрсетіледі Сурет ЖИ арқылы жасалды

Партиялар арасындағы теледебаттар бірнеше телеарнада көрсетіледі

Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны аясында саяси партиялар арасында теледебаттар ұйымдастырылады. Пікірсайыстар республикалық телеарналардың эфирінде көрсетілмек.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды. Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік сайлау заңнамасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының белгіленген талаптарды сақтай отырып, саяси партиялар үшін дебат алаңын ұсынуға құқылы екенін мәлім етті.

Оның айтуынша, БАҚ пен онлайн-платформалар сайлауалды үгіт кезеңі басталғанға дейін, яғни 2026 жылғы 18 шілдеге дейін, үгіт материалдарын орналастыру тәртібі мен құны туралы ақпаратты жариялап, оны Орталық сайлау комиссиясына ұсынуға тиіс.

Саяси партиялар телеарналардағы эфирге, соның ішінде теледебаттарға қатысуға жұмсалатын шығындарды өздерінің сайлау қорлары қаражаты есебінен өтей алады.

Қазір Орталық сайлау комиссиясы 24KZ телеарнасында партияаралық теледебаттар өткізу мәселесін қарастырып жатыр. Сонымен бірге келіп түскен өтінімдерге сәйкес, пікірсайыстарды Qazaqstan, 7 арна және Jibek Joly телеарналарында да ұйымдастыру жоспарланған.