Қазақстанда 2027 жылғы 1 маусымға дейін көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін қолдану уақытша доғарылды.
Мұндай өзгеріс 2026 жылғы 23 шілдеде Көлік министрі міндетін атқарушының бұйрығымен енгізілді.
Атап айтқанда, 2015 жылғы 26 наурыздағы «Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтың бір бөлігінің қолданысы тоқтатылды.
Құжатқа сәйкес, 2027 жылғы 1 маусымға дейін көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі пайдаланылмайды. Бұл жүйе автомобиль көлігі саласындағы тасымалдау қызметіне қатысты құжаттарды тіркеуге, есепке алуға, өңдеуге және сақтауға арналған. Сонымен қатар, жүйе арқылы көлік құжаттары туралы нысандалған мәліметтер уәкілетті мемлекеттік органдар мен тасымалдау үдерісіне қатысушыларға жолданады.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күні күшіне енді.
