Денисов ауданының орталығында жаңадан бой көтерген екі қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан әкімі Руслан Қатпаев қоныс иелеріне ізгі тілегін арнап, пәтер кілттерін табыстады.

Көптен күткен қуанышты күні барша аудан тұрғындары жиналды. Екі қабаттан тұратын көп пәтерлі үйдің сырты сапалы, төзімді, берік құрылыс материалдарымен қапталған. Ал іші самаладай жап-жарық, құстың ұясындай жып-жылы. Су, көгілдір отын, жылу желісі сияқты тұрмысқа қажетті инженерлік желілер тартылған. Таза әрлеудегі пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға үлестірілді. Барлығы 11 отбасы баспаналы болды. Жаңа нысан Денисов ауылының Чапаев көшесі 11А мекенжайында орналасқан.

Аудан басшысы Руслан Жоламанұлы салтанатты рәсімге арнайы қатысып, пәтер кілттерін табыстады. Қоныс той иелеріне жылы лебізін арнады. Сол күні шаттыққа бөленген жандардың қатарында көп балалы аналар, жетім балалар, зейнеткерлер және мүгедектігі бар жандар болды.
Пәтерлерді бөлу «Отбасы банкі» «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылды. Жаңа баспана азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру аясында салынғанын еді.
Қымбат Мұратбекқызы
Денисов ауданы
