Жақында І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында немістің «ХХ ғасырдың Шекспирі» атанған атақты драматургі және ақыны Бертольт Брехттің шығармаларынан пьесаға бейімдеген «Үрей. ІІІ Империя» спектаклінің премьерасы өтті.
Осы кезге дейін еліміздегі қазақ театрларында Б.Брехттің шығармалары тіпті қойылмады деуге болады. Ал оны театр басшылығының арнайы шақыртуымен Англиядан (Лондон) келген Азия және Еуропа елдеріне аса танымал режиссер, Түркіменстан өнеріне еңбегі сіңген қайраткер Овлякули Ходжакули сахналады. Режиссермен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Овлякули Довлетмурадұлы, Қостанайға құтты қонақ болдыңыз. «Үрей. ІІІ Империя» спектаклінің премьерасы жақсы өтті. Көрермендеріміз айтарын астарлап жеткізетін, ойға жетелейтін күрделі, жанры да ерекше спектакльді тамашалады. Өзіңіздің премьерадан кейінгі көңіл-күйіңіз қалай?
– Сондай күрделі спектакльді қостанайлық актерлермен бірге бітіргеніме, көрермендердің екі сағат тапжылмай тамашалағанына көңілім толып, ұшатын құстай қанатымды қомдап отырмын.
– Қолға түсе бермейтін режиссер екеніңіз белгілі. Сонау Лондоннан Қазақстанның бір шалғайындағы облыстық театрға келгеніңізге қостанайлық көрермен қауымның қуанғаны рас.
– Қостанай театрының басшылары мені осыдан екі жыл бұрын шақырған. Жол да жақын емес, құжат қаттау жұмыстары да уақыт алады. Сонымен сәті осы жылдың басында түсті. Көпшілік ірі қалалардағы, орталықтардағы театрларды үздік, өңірлердегі театрларды оларға қарағанда төмендеу деп бөлетіні бар. Бірақ мен олай деп ойламаймын. Мен үшін жақсы және жаман театр бар. Әдетте, жақсы да, жаман да жер таңдамайды. Қостанайдың қазақ театрын мен жақсы театрлар қатарына қосамын. Актерлері жақсы, режиссердің емеурінін сахнада жеткізе біледі. Мұнда актерлердің үш буыны да бар екен. Бұл жақсы көрініс. Сосын сіздердегідей театр ғимаратының жобасы Еуропаның барлық жерінде бола бермейді. Сахнаға қандай декорация жасасаң да мүмкіндік бар екен. Мен Қостанайға келгеніме, театр ұжымымен танысқаныма ризамын.
– Соғыс тақырыбына тоқтағандарыңыздың себебі көрерменге іштей белгілі де сияқты. Сонда да болса, өз аузыңыздан естіген бір басқа болар?
– Соғыс тақырыбын қойылымға өзек ету үшін мен немістің атақты драматургі, эпикалық театрдың негізін қалаушы Бертольт Брехттің «ІІІ Империядағы қорқыныш пен торығу», «Баяғы сарбаз, сол сарбаз», «Кураж шешей мен оның балалары» атты үш пьесасынан бір пьеса жасадым. Сахнада соғыс кезіндегі әділетсіздік пен азғындық, озбырлық алдындағы мәжбүрлік адамдар әрекеттерімен беріледі. Мысалы, Кураж шешей соғысты жақтамайды, барлық ана сияқты балаларының амандығын ойлайды, майданға жібергісі келмейді. Бірақ сол соғыстан өзі саудамен пайда тауып жүр. Қан төгілген жерден тапқан ақша Куражға әзәзіл болып, ақырында құныққан оны балаларының өлімі де, қызының тапталған ары селт еткізбейді. Ол соғысты жек көрсе де, оған қарсы шыға алмайды. Рухы тапталды. Жер бетінің әр шалғайында сұмдық соғыстар жүріп жатыр. Техника, өркениет дамыған сайын оның тым қатыгезденіп бара жатқанын да көріп отырмыз. Ракеталар талқанын шығарған қалаларда, елді мекендерде адам қаны ағып жатыр, оның барлығын сол мезетінде ақпараттардан естиміз, көреміз. Қазір басқа елді атқылап жатқан оқтұмсықтар өзіңе қарай бұрылып кетпесіне ешкім кепіл бола алмайды. Ал майданда ғана емес, әр қалада, әр үйде, әр бұрышта жүріп жататын үнсіз соғысты байқай береміз бе? Ол желден де жылдам тез тарап жатыр. Әрқайсымыз сол соғыстың қатысушысына біртіндеп айналғанымызды сеземіз бе? Демек, үрей, өлім себелейтін, қанша құндылықтарды бес тиын етіп құртатын, адамдарды аздыратын соғысқа мойынсұнып кететіндейміз. Осындай ойлар мазалайды. Ол тек мені ғана емес, менің көрерменімді де бейқам қалдырмауы тиіс. «Үрей. ІІІ Империя» деп атаған бұл спектакль де қостанайлық көрерменін ойландырады деп үміттенемін.
– Сіз негізінен ежелгі авторлардан бастап, дүние жүзі классиктерінің шығармаларын сахналайсыз. Бүгінгі замандастарыңыздың шығармалары қызықтырмай ма?
– Соңғы жылдары Еуропадағы қазіргі қаламгерлердің пьесаларын да қойып жүрмін. Бірақ классикалық шығармаларды төңіректей беретінім рас. Олар терең, мінсіз жазылған ғой. Оларды көрерменге бүгінгі уақыт деңгейінен ұсынамын, түрлендіремін, қысқасы олардан керегімді табамын.
– Бүгінгі уақыттың ең өзекті тақырыбы қандай?
– Әрине, соғыс тақырыбы, соғысқа қарсылық. Әлгінде айттым, айналамызда мылтық даусы естіліп тұрғанда, қара күш қашан келіп, өзіңді бас салғанша күтіп отыруға бола ма? Біреулер байиды, біреулер шыбындай қырылады. Соғыс өлім себелеп ғана қоймайды, ол қоғамды әділетсіздікке, озбырлыққа, азғындыққа апарып тірейді. Ол үшін не істеу керек? Бұл түйіні әлі шешілмеген сұрақ, жалпы қоғам болып ойланатын іс. Менің қойылымдарым осыған көрерменмен бірге жауап іздейді.
– Ұлттық тамырымыздан үзіліп қалмау, ұлттық құндылықтарды жоғалтпау туралы ойлар қазір көбірек айтылады. Бұл орайда арқанның бір ұшын ұстағандай тырмысу мен алдағы күнге селдірлеу сеніммен күй кешу қазақтың да басында бар жағдай. Күшіне мінген жаһандану үдерісінің әсері қалай болады?
– Жаһандану баяғыдан жүріп жатыр. Оның пайдасы да болды ғой. Халықтар, мемлекеттер бір-бірінен көреді, үйренеді, алыс-беріс жасайды. Ал бір-бірімен араласпай, томаға-тұйық қалса, оларда ағынсыз, боржыған судай даму болмайды. Қазір жалпыадамзаттық мәселелер мен құндылықтар алға шыққан. Ұлттық құндылықтарын сақтау әр ұлттың өзінің шаруасы. Тіліңнің тынысы тарылып бара жатыр ма, ұлттық музыкаңның бояуы жұтаң тартты ма, әдебиетің артта қалды ма, оны өзіңнен басқа ешкім түзеп бермейді, дамыта да алмайды. Оны ұлттың ішкі қуаты біледі. Әр халық жаһанданудың ыңғайымен қолтықтаса отырып, ұлттық құндылықтарын жаңғырта дамыту керек болар. Оның енді басқа емі де, жолы жоқ.
– Енді театр ауылына қайта оралайық. Сіздің әріптестеріңіз өзіңіз туралы «Овлякулидің қойылымдары, құрған театрлары кең ауқымды, жалпыға бірдей. Оның өзі де әлем адамы» деп баға береді. Мұны қалай айтып берер едіңіз?
– «Әлем адамы» дегенде, әлем аузыма қарап отырған адаммын деу әбестік болар. Мен спектакльдер қойғанда уақыт, географиялық және белгілі бір стильдік шеңберлерде қалып қойғанды ұнатпаймын. Шеңберді «бұзғым келіп» тұрады. Осыны меңзеген болар. Сосын мен осы алпыс беске келген жасыма дейін дүние жүзінің қай шалғайында болмадым десейші. Бұрынғы Кеңес одағының құрамындағы он бес елдің бәрінде дерлік, шетелдің көптеген театрларында спектакльдер қойдым, фестивальдерге қатыстым. Жапонияда, Үндістанда, Еуропаның басқа қалаларында тұрдым, сегіз жылдан бері Лондонға тоқтадым. Өзімнен сәл тоқырау сезсем жер ауыстырамын, басқа елге көшемін. Лондонды да соңғы тұрағым деп ойламаймын. Әріптесімнің айтқан лебізіне бұл да кірер, бәлкім.
– Түркімен мен қазақ түбіміз бір түркі жұртынанбыз. Театр өнерінде де өзіңіз байқайтын ұқсас тұстарымыз бар болар? Батыспен салыстырғанда біздегі драматургияға қалай қарайсыз және біздің актерлердің батыс елдеріндегі әріптестерінен қандай айырмашылығы бар?
– Тек түркімен мен қазақта ғана емес, жалпы Орта Азия халықтарында поэзия басым. Драматургиялық шығармалардың кедейлігі байқалады, ал жақсы шығармалар олар поэзия арқылы жасалады. Батыста керісінше, драматургия жанрынан таңдағаныңды табасың.
Менің байқауымша, қазақта және Орта Азияда, тіпті Шығыс халықтарында актерлер төзімді, шыдамды келеді. Олар қанша күн демалыссыз, сағаттап дайындалғанда шаршамайды, сыр бермейді сабаздар. Қазақ актерлерінде игерілмеген тың бар. Еуропада актерлер дайындық кезінде рольдерді қалай игерсе, сахнада сол күйінше ойнайды, артық бір қимыл болмайды. Ал қазақ актерлері сахнаға шыққанда арқаланып, рольге кіріп кетіп, ішінде жай тасы қайнағандай күйге енеді. Бұл қасиетті Қостанай театрының актерлерінен де байқадым. Жалпы осындай актерлермен жұмыс істегенді ұнатамын. Мен үшін актердің әбден қалыптасқан, мінсіз бірізділікті меңгергені емес, өзінің, ұлтының бойындағы бұғып жатқан тұманы жарқ еткізуі ұнайды. Өзім сахнадан жақсы мағынасындағы «бұзықтарды» іздеп жүремін.
Өнердің қай саласында болсын, барлық халықтардан, ұлы ұстаздардан үйрену, зерделеп, зерттеу керек. Бірақ солардан оқшау тұратын өзіңді, өзіңнің жолыңды таппасаң тұйыққа тірелесің. Көшірме кімге ұнайды дейсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Нәзира ЖӘРІМБЕТ