«Әділет» партиясы Қостанай облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында партияның Әйелдер қанатының бастамасымен Ұлттық «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бірыңғай тақырыптық қабылдау өтті.
Оған партияның Әйелдер қанатының жетекшісі Гүлсара Жаманкулова, Қостанай облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Арайлым Аманкулова, облыстық және қалалық білім беру басқармаларының, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының, тұрғын үй қатынастары және Қостанай қаласының Мансап орталығының өкілдері, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға арналған бейімдеу орталығының басшысы қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – азаматтармен тікелей диалог орнату, балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін қарау, сондай-ақ азаматтарға құқықтық және консультативтік көмек көрсету.
Қабылдау барысында балалардың отбасына қайтарылуы, мектепке дейінгі ұйымдарға орналастыру, атаулы әлеуметтік көмек алу, балаларды тамақтандыруға берілетін жеңілдіктер, тіркеу мәселелері және отбасының әлеуметтік жағдайына қатысты бірқатар өтініш қаралды.
Азаматтардың бірі немерелерін отбасына қайтару мәселесі бойынша жүгінді. Балалардың қазіргі уақытта Балаларды бейімдеу орталығында орналасқаны айтылды.
Өтініш иесіне қолданыстағы заңнама талаптары түсіндірілді. Қазіргі уақытта мәселені сот тәртібімен шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Балалардың одан әрі тұратын жері және оларды ата-анасына қайтару мүмкіндігі сот талқылауы шеңберінде айқындалатын болады.
Көпбалалы отбасы өкілі мектепке дейінгі жастағы балаларға тегін тамақтану және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселесі бойынша кеңес алды. Оған АӘК тағайындау тәртібі мен қажетті талаптар түсіндірілді. Сонымен қатар, отбасының әлеуметтік жағдайын ескере отырып, тиісті мемлекеттік қолдау шараларына жүгіну жолдары айтылды.
Тағы бір өтініш беруші баласын тұрғылықты жеріне жақын орналасқан балабақшаға ауыстыру мәселесін көтерді. Азаматқа мектепке дейінгі ұйымдардағы кезек тәртібі түсіндіріліп, бос орын болған жағдайда ауыстыру мүмкіндігі туралы ақпарат берілді.
Қабылдау барысында көпбалалы және толық емес отбасылардың атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері де қаралды. Өтініш берушілерге тұрақты тіркеудің маңыздылығы және АӘК тағайындау үшін белгіленген талаптар түсіндірілді. Тиісті тіркеу рәсімделгеннен кейін мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін қайта жүгіну ұсынылды.
Бірыңғай қабылдау барысында әрбір өтініш жеке қаралып, азаматтарға қолданыстағы заңнама аясында нақты түсіндірмелер берілді. Қажет болған жағдайда мәселелерді шешу үшін тиісті мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі түсіндірілді.

«Әділет» партиясы Қостанай облыстық филиалының қоғамдық қабылдауы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді анықтауға және оларды шешу жолдарын түсіндіруге бағытталған жұмысты жалғастыруда.
Сералы МЫРЗАБАЙ
