Отандық өндірісті дамыту: Қостанай облысының жетістіктері

Отандық өндірісті дамыту: Қостанай облысының жетістіктері

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов өңірде отандық өндірісті қолдау туралы сауалдарымызға жауап берді.

– Өңірде отандық тауар өндірушілерді қолдау қалай жүзеге асырылып жатыр? бизнеске қандай нақты қаржылық қолдау көрсетілді?

– Қостанай облысында бұл жұмыстың негізгі бөлігі мемлекеттік бағдарламалар аясында жүріп жатқаны белгілі. 2024 жылдың қорытындысында Кәсіпкерлікті дамытудың кешенді бағдарламасы шеңберінде 986 жоба қолдау тапты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне қатысты 175 жоба бар.

Ал 614 жобаның сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидияланды. Ішінара кепілдік берумен 360 жоба, гранттық қаржыландыру – 10 жоба, жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу – 2 жоба), оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында – 175 жоба (сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау – 112 жоба, ішінара кепілдік беру – 60 жоба, гранттық қаржыландыру – 1 жоба, жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу – 2 жоба) қамтылды.

Облыстың орталығынан алыс орналасқан оңтүстік өңірлеріндегі бизнес-ахуалды жақсарту үшін 2023 жылы біз «Бизнес-Көмек» жылдық 1% өңірлік қаржыландыру бағдарламасын іске қостық. Несиелер «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Фортебанк» АҚ арқылы экономиканың әртүрлі салаларында (сауданы қоспағанда) бизнесті дамытуға 5-тен 150 млн теңгеге дейінгі сомада беріледі, бұл ретте негізгі назар өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға аударылады. Бүгінгі таңда банктер 1 121 млн теңгеге 27 кредит берді.

– Өнеркәсіп жобаларына қандай қолдау көрсетіліп отыр? Өңірдің ірі инвестициялық жобалары қандай?

– 2024 жылы Өнеркәсіпті дамыту қоры жеңілдікті лизингтік қаржыландыру арқылы бірнеше жобаны іске асырды.

ӨДҚ қаражатынан бірлесіп қаржыландырылған Chevrolet Оnix автомобильдерін шағын тораптық әдіспен шығару және жеңіл автомобильдердің пластикалық бөлшектерін бояу цехы жобалары іске қосылды.

Жеңіл өнеркәсіп саласында өткен жылы қолданыстағы тігін өндірісін жаңғырту жобасы іске қосылды, оның бастамашысы да ӨДҚ тарапынан қолдау құралдарын пайдаланды.

Сонымен қатар, былтыр ӨДҚ автокомпоненттер шығаратын зауыт құрылысы және қолданыстағы өндірістік кешенді тігін және жиһаз цехтарына қайта жаңартуға жеңілдікті қоса қаржыландыру бөлінді.

Мемлекеттік қолдаудың қажетті шаралары жоғары қайта бөлу кластерлерін құру үшін басым салалардағы елдің 17 серпінді жобаларының қатарына кіретін Қостанай облысының 3 негізгі инвестициялық жобасын іске асыру шеңберінде көзделеді.

Осылайша, 2023 жылы толық циклді KІА автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Осы жоба бойынша мемлекет тарапынан объектіні жетіспейтін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар, ыстықтай қапталған темір өндіретін және бидай дәнін терең өңдейтін зауыттардың құрылысы пысықталуда, олар бойынша да қажетті қолдау шаралары көрсетілетін болады.

Жоғарыда аталған 3 жобаның инвестицияларының жиынтық көлемі 1 трлн теңгеден асады, 3,2 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Көрсетілетін қолдау шараларының нәтижесінде өңірде Қостанай облысының өнеркәсібінің үдемелі дамуы байқалады.

Жалпы, өнеркәсіптік кәсіпорындар 2,9 трлн теңге сомасына өнім өндірді, 2023 жылға қарағанда өсім 8,6% (2023 ж. – 2 670,3 млрд теңге). 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңір елдегі өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша алтыншы орында тұр.

– Демек, өңірдегі өнеркәсіп әлеуетінің негізгі күші машина жасау, металлургия және азық-түлік өндірісі болып отыр ғой?

– Солай деуге болады. Қазір облыс аумағында 917 өнеркәсіптік кәсіпорын бар, оларда 42 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Облыстың өнеркәсібі құрылымында өңдеу саласына – 70,5%, тау-кен өндіру секторына – 26,3% (электрмен жабдықтау – 2,4%, сумен жабдықтау – 0,8%) шақ келеді.

2024 жылдың қорытындысында тау-кен өндіру өнеркәсібінде 763,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 16,4% жоғары (2023 ж. – 654,2 млрд теңге).

Өңірдің кәсіпорындары темір кенін өндірісін 23,9%, шекемтас өндірісін 25,6%, бокситтерді өндірісін 4,9%, құрамында алтыны бар кенді өндірісін 0,3  ұлғайтты.

Өңдеу саласының кәсіпорындары 2024 жылы 2,0 трлн теңге сомасына өнім өндірді, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 5,3% жоғары (2023 ж. – 1 938,9 млрд теңге).

Иә, сіз айтқандай, негізгі салалар – машина жасау, металлургия және азық-түлік, оған автомобильдер, комбайндар, тракторлар, доре қорытпасы, болат прокат, сүт өнімдері, ұн, кондитерлік өнімдер және басқа да өнімдер өндірісі кіреді.

Машина жасау облыстың өңдеу өнеркәсібінде 58% алады. Сала кәсіпорындары 90 515 автомобиль, 310 комбайн, сондай-ақ 2 987 трактор шығарды.

Өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 21,0% болатын азық-түлік өнімдерін өндіру саласында өткен жылы 35,4 мың тонна өсімдік майы, 3,1 мың тонна сары май, 44,3 мың тонна жарма, 2,4 мың тонна құс еті және т.б. өндірілді.

Үлесі 13,8% болатын металлургия саласында 2024 жылы 418,7 мың тонна болат прокат, 4,7 тонна доре қорытпасы, сондай-ақ 360 тонна шойын құймасының дайын өнімі өндірілді.

Қолдау шараларының арқасында өңір экономикасы тұрақты өсіп, жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр.

– Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет!

Жаңалықтармен бөлісу