Оразхан Аймақовтың есімі төрткүл әлемге мәлім. Көптеген монография және биологиялық зерттеу жұмыстарының авторы, химия ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Торғайға барған сапарымыздың бірінде профессормен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Өмірбаяныңызды қарасақ, сіздің жүріп өткен жолыңыз тұтас бір дәуір іспетті. Қарапайым ұстаздықтан бастап, кейін әлемге белгілі ғалым болдыңыз. Сіз туралы бұған дейін де жазылған еді, бірақ еңбек жолыңыз жайлы тағы бір-екі ауыз айтып өтсек артық болмас.
– Ең алдымен, мен атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин өз қолымен қалаған 4 сыныптық білім ошағында оқығанымды мақтан тұтам. Бұл мектепте Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Бірімжановтар, ақындар Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Шәміл Мұхамеджанов сынды атақты тұлғаларымыз білім алған. Ал 1958 жылы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебін бітірдім. Одан кейін Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының Жаратылыстану факультетіне оқуға түстім. Оны 5 жыл оқып, Биология, химия және ауыл шаруашылығы саласынан диплом алдым. Содан туған жерім Торғайдағы Ы.Алтынсарин мектебінде мұғалім болудан еңбек жолым басталды. 1963-1965 жылдары осы мектеп қызмет еттім. Сол уақытта мектепте менің шәкірттерім болған оқушылардың алды бүгінгі таңда үлкен ғалымдар болып шықты. Айтар болсам, Қостанайда тұратын, зейнеттегі профессор, химия ғылымдары кандидаты Бәтшан Жұмағалиева. Одан бөлек, ұстаздық жолды таңдап, бала оқытқан шәкірттерім де жетерлік. Солардың бірі – өмірден өткен торғайлық Мираш Тәшетов. Ол Арқалықта кәсіпкерлік салада көп еңбек етті. Сосын медицина ғылымдарының докторы Дүйсенбі Шәкенов. Кезінде Астана қаласындағы медицина университетінде хирургия кафедрасының меңгерушісі болды. Өкінішке қарай, қазір өмірде жоқ. Айта берсем, елге пайдасы тиіп, халқының батасын алып жүрген шәкірттерім өте көп. Алайда олардың көбі зейнетте, ғылым кандидаттары, докторлар. Өмірден өз орындарын тапқан кәнігі мамандар деуге болады.
– «Ғылым жолы ауыр жол» деп жатамыз. Көптеген студент университетті аяқтағасын түрлі сала бойынша өз бетімен кетеді. Ғылымға бет бұратындары аз. Сіздің ғылымға келуіңізге не түрткі болды?
– Мен осы Торғайда мектепте мұғалім болып жүріп, жоғарғы сынып балаларымен әртүрлі тәжірибе жүргізетінмін. Биология, химия пәндерінен ғылым жолының элементтерін алдық. Мысалы, ботаника пәнінен химиялық реагенттердің және өзіміздің Торғай өңірінде өсетін өсімдіктердің қасиеттерін зерттедік. Сонда менің өте қатты көңіл аударғаным – дала жусаны. Маған ерекше әсер берді. Себебі бұл шөптің құрамында биологиялық қасиеті жағынан белсенділігі жоғары заттар болады. Сол заттар оның ішінде жапатау, фитонцидтер, гликозидтер, моносахаридтер, жалпы жоғары молекулалы полисахаридтер, лактондар секілді заттар жусан құрамында өте көп. Мен мектепте оқып жүргенде 5-6 сыныпта маған осы жусан өсімдігі қатты ұнады. Жақсы иісі бар. Адамды тартып тұрады. Мал құшырлана жейді. Сонымен қатар отын ретінде пайдалануға болады. Қай жағынан алып қарасақ та, жусанның қасиеті өте көп. Әр уақытта ойымда жүрді. Кейін Қарағандыға барып, Жаратылыстану факультетін бітіріп, мұғалім болған да осы жусан ойымнан шықпады. Адамның санасындағы ой міндетті түрді жүзеге асуы керек. Ол болмаса, өзіне қауіп. Ғылым жолын қуып, 1978-1980 жылдары Мәскеуге жол тарттым. М.Ломоносов атындағы университеттің химия факультетіндегі ғалымдармен байланыс орнаттым. Сөйтіп, ондағы КСРО Ғылым академиясының Брганикалық қосылыстар химиясы институтындағы элементтер химиясы, оның ішінде Менделеев элементтері жүйесіндегі көміртегі, сутегі, оттегі, азот, күкірт, кремний сынды элементтердің әртүрлі қасиеттінің атқаратын маңызы қандай екенін білмек үшін ғылымға бет бұрдым. Академик А.Несмеянов атындағы Кеңес одағы элементтер органикалық химиялық қосылыстар институтында фосфор, күкірт қосылыстары атындағы екі үлкен ғылыми зертхана болды. Мен осы зертханада ғылыми қызметкер ретінде Қазақстаннан барып, жұмыс істедім. Биологиялық белсенді қосылыстар, жоғарыда айтқан элементтердің қолданылуы туралы ғылыми зерттеулермен айналыстым. Бұған өте көп уақытым – 25 жыл кетті. 1978-2000 жылдар аралығында шамамен сол зертханаларда 370-тен артық жасанды жолмен, синтездеп заттар алдым. Солардан 6-8 қосылыс қасиеттері ерекше назар аудартты. Ол қосылыстардың құрамындағы көміртегі, сутегі, оттегі, күкірт, фосфор, кремний элементтері зертханалық сынақтан өткізген уақытта малдарда жиі кездесетін паразиттік ауруларды емдеуге қолданылатын дәрілер шықты. Әсіресе, ішек-қарында болатын эхинококкоз деген ауруы, яғни аскаридтер сынды қауіпті құрттардың емдеу жолдары табылды. Бұл – адам және мал организмдерінде кезедесетін қауіпті ауру. Ал менің жасаған дәрім екеуіне де келе береді. Бүгінде әзірлеген 8 дәрім шетелде жүр. Мәскеудегі экспериментальді, биотерапия ісік ауруларын емдеуге, онкология бойынша 2 дәрі сынақтан өтті. Сол жақта акт жасалды. 2012-2018 жылдар аралығында Алматыдағы эксперементтік ғылыми зерттеу ісік аурулар институтында сынақ өткізді. Олар да күшті ісік ауруларын емдейтін қасиеті бар дәрілер деп патенттеп алдық,
– Сөз барысында қатерлі ісікке байланысты жасаған дәріңіз туралы айтып қалдыңыз. Білуімізше, аты жаман аурудың бірнеше сатысы болады. Сіздің дәріңіз қай сатыға арналған?
– Бұл дәрілер 2-3 саты арасындағы ауруларға арналған. 1998-2003 жылдар аралығындағы зерттеудің нәтижесі. Енді ары қарай терең зерттеу үшін дәрілерді Израильге бердік. Бүгінде олар зерттеп жатыр. Израиль мемлекетіндегі Тель-Авив университетде бірнеше институт бар. Сондай оқу орындарының бірі – атақты Хаим Вейцман институты. Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Ада Йонатпен қазіргі таңда екі препарат бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ада ханым 2009 жылы Нобель сыйлығын химия ғылымдары саласынан алған. Ісік ауруын емдеу өте қиын. Әлем ғалымдары арасында глобалды зерттеу жұмыстарына жатады. Міне, соған біз кірістік. Қатерлі ісікке қарсы бір дәріні шығару үшін кемінде 25-30 жыл уақыт кетеді. Мен осы салада 18 жылдан бері жұмыс істеймін. Бір дәріні өндіріске енгізу үшін ширек ғасырдан астам уақыт керек екенін ескерсек, маған әлі 10 жыл қажет.
– Өзіңіз айтқан сегіз дәрінің екеуі қатерлі ісікке қарсы екенін білдік. Қалған алты дәрі қандай?
– Ол 6 дәрі ауыл шарушылығында паразиттік аурулар, антигильминтті препараттарға арналған. Гильминт деген – құрттарды құрту үшін қолданылатын дәрі. 2002-2006 жылдары еліміздің ауыл шаруашылығы министірлігіне сол дәріні өндіріске енгізу туралы жаздым. Бірақ оған үлкен қаражат керек екен. Мен айтқан тұста бір миллион 200 мың доллар керек дедік. Бұл – өте көп ақша. Сонымен ол тоқтады. Қазір керекті қаражаттың сомасы бірнеше есеге өсті. Біз қаншама жылдан бері демеуші іздеп жатырмыз. Қазақстанның ондай жоғары көлемді ақшаны беруге қауқары жетпейді. Құжаттамалық тұрғыда дәрілер сынақтан өтті. Оны өндіріске енгізу үшін әлемдік деңгейге енгізу маңызды. Әйтпесе, бәрі дерлік патенттелген. Осы жағынан қолымыз жіпсіз байланып отыр.
– Бұл дәрілерді Америкаға, Еуропаға неге ұсынбадыңыз?
– Мысалы, Ресей ғалымдары арасында да мен сияқты өздерінің химиктері бар. Мұндай мәселелер көтерілген. Мәскеуде болғанымда олар түсінбеді. “Неге бұл Ресейде жүр?” деген секілді күдікпен қарады. Себебі, мен Қазақстанның ғалымымын ғой. Егер сол жердің жергілікті ғалымы болғанымда қолдайтын еді.
– Кейбір ғалым жоспарларын айтқанды ұната бермейді. Сіз біздің сұрақтарымызға ашық жауап беріп отырсыз. Құпия болмаса, қазір зерттеп жүрген ғылыми жұмысыңыз және жоспарыңыз қандай?
– ХХІ ғасырдағы басты мәселе – әлемде халықтың өсуіне байланысты, жақсылап тамақтандыру. Ғалым ретінде айтар болсам, ғаламшарымызда тоғыз миллиардқа жуық халық бар. Осы адамдарды тамақпен қамтамасыз ету жайы мені жиі толғандырады. Жай тамақ емес, экологиялық таза болуы өте маңызды. Бойға сіңетін, пайдасы зор боуы тиіс. Таза тамақ дегенде, ең бірінші оның құрамы қандай? Бұл сұрақты өзіңізге қоймасаңыз, түсінбесеңіз, жақсы нәрсе шықпайды. Адамдар дұрыс тамақ ішпегендіктен, әртүрлі ауруға шалдығады. Жоғары витаминді заттарсыз денсаулық құлдырайды. Әлсіздік басады. Тамақтың құнарын арттыру үшін Қазақстанда сирек кездесетін өсімдіктердің құрамын зерттей отырып, содан жаңа заттарды модификациялау қажет. Ең бірінші алға қойған мақсатым – тамақты қоспа жасау. Сол үшін жұмыс істеп жатырмыз. Соның ішінде киелі Торғай жусаны бар. Сегіз жыл бойы Торғай жусанының құнарлы қасиетін зерттеп, химиялық модификациялау арқылы жаңа заттарды алу іске асырылып жатыр. Бұл «тамақты қоспа» деп аталады. Биохимик болғаннан кейін жусанның ішінен бір-екі затты бөліп алумен айналысып жатырмын. Каспий теңізінің 3800 шақырымы Қазақстан территориясына қарайды. Теңіз балдырларын алып, зерттеп, одан да көп нәрсе алдық. Балдырлар құрамынан бірнеше затты қоспа ретінде тексеріп көрдік. Бір уақыттарда ол нәрсе өндіріске шығады. Бұл соңғы он жылдан бері шұғылданып жатқан жұмысым.
– Алтыннан қымбат уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттер О.Аймақовтың жеке мұрағатынан алынды
Жанкелдин ауданы