Ахмет Бірімжанов атындағы №115-ші мектепте әдебиет апталығы өтті. Онда 5-8 сынып оқушылары көрініс қойып, Алаш арыстарының өлеңдерін оқыды.
8 сынып оқушылары жазушы-драматург Дулат Исабековтың “Әпке”драмасын көрермендерге ұсынды.
“Мен романды басынан аяғына дейін толық оқып шыққанда оның негізгі ойын, мағынасын түсіндім. Соған сәйкес басты рөл – Қамажайдың рөлін сомдадым. Біздің дайындығымыз екі-үш күнге ғана созылды. Оған қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Қуанышбекқызы жетекшілік етті. Осы азғантай күнге созылған дайындықта менің сыныптастарым өздерін басқа қырынан көрсете білді”, – дейді мектептің 8 “а” сынып оқушысы Диляра Бағланқызы.
Олар өздеріне бекітілген рөлдерді жақсы алып шықты. Әзірлік барысында қойылымға сай киім табу сияқты қиындықтар туындаған. “Неліктен “Әпке” драмасына тоқталдыңыздар?” деген сауалымызға:
“Қазір мектеп бағдарламасында Дулат Исабековтың “Әпке” драмасын өтіп жатқандарын айтады.Осыған байланысты сахналық қойылым көрсетсек деген ой келді. Бұл жерде жетім қалған балаларды өзінің туған әпкесі өсіріп шығарады. Отбасы, бауырмалдылық, бір-біріне деген мейірім, аяушылық сезімі, үлкенді сыйлау және ананың махаббаты осы жерде көрініс табады. Яғни, Қамажай өзін әпке ретінде ғана емес, жетім балалардың анасы ретінде сезінеді. Өсіріп – жеткізгеннен кейін бауырларының бәрі әрқайсысы өз жолымен кетеді. Менің оқушыларым өз рөлдерін керемет ойнап шықты. Сахналық көріністі қоюдағы мақсатым – оқушылардың бойына кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін сіңіру”, – деп жауап берді Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Қуанышбекқызы.
Жас актерлер өздерінің рөлдерің тамаша ойнап, көрермендердің ризашылығына бөленді. Алаш арыстарының өлендерін мәнерлеп оқыған оқушылар да өз өнерлерін, тілге деген сүйіспеншілігін паш етті.
“Мен Қамажайдың сіңілісінің рөлін ойнадым. Маған өз рөлім ұнады. Бұрын басқа да спектакльде өз өнерімді көрсеткеңмің. Бұл рөлде сөзді ұмытып қалу, киім үлгісі деген сияқты аздаған кемшіліктер болды. Дегенмен, бәрі мен ойлағандай жақсы өтті”, – дейді 8 “а” сынып оқушысы Жайна Төрахмет.
Ділназ Сәнтайқызы