Бүгін Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың ономастикаға қатысты көтерген мәселесі біздің өңірде өте өзекті болып тұр. Мемлекет басшысы ономастика жөніндегі жергілікті комиссия өңірге белгілі тұлғаларға ескерткіш қоюға жол бермеуі керегін айтып, күн тәртібіне қойып отыр. Ал, респубикалық комиссия заңсыз шешімдердің алдын алып, ескертулері керек. Егер барлығы тек қана өз туыстарына ескерткіш қоя берсе, мемлекетте өңірлік трайбализм белең алатынын айтты. Жаппай репрессияға тікелей қатысы бар кеңестік кезеңдегі партия қызметкерлеріне ескерткіштер мен бюсттер орнату әлі күнге жалғасуда. Шынайы өмірде болмаған қаһармандық іс-әрекеттерге толы өмірбаяндар ойдан шығарылып жатыр. Оны дәлелдейтін архивтік құжаттары да жоқ. Президенттің “белсенді топтар азаматтарымызды кеңес заманындағы мемлекеттік партиялық қызметкерлердің өмірбаянына сендіргісі келеді” деген сөзі көңілге қонымды. Тарихшы маман ретінде, Қостанай облысының ономастика комиссиясының жұмысына белсенді қатысушы ретінде өз басым бұл үндеуді қос қолдап қолдаймын.
Тобыл-Торғай өңірінде ономастика мәселесі әлі толық шелілген жоқ. Отарсыздандыру мәселесі толығымен жүргізілген жоқ. Ескерткіштер қою мәселесінде халқына, Отанына қызмет еткен тұлғалардың тарихы нақты деректермен дәлелденуге, тұлға ретінде кәсіби тарихшылардың және комиссия шешімімен танылуға тиісті.
Мұның сыртында, Қостанай қаласында салынып жатқан жаңа шағын аудандарға атаулар беру үрдісі ономастика комиссиясы мүшелерімен талқыланса деген тілек бар. Қостанай өңірінде еліне пана болған, жеке бастың мұқтажынан мемлекеттің мүддесін жоғары қойған тарихи тұлғаларға, қайраткерлерге көше, аудан атаулары берілсе дейміз. Таран ауданына қазіргі Президентіміздің жарлығымен Бейімбет Майлиннің есімі берілгені бәрімізге аян. Ендеше, елге қосқан үлесі тарихи тұрғыда дәлелденбеген, ескіліктің сарқыншағы, тарихи тұлға деуге келмейтін Федоров және Денисов аудандарының атаулары өзгеріп, бұл өңірлердің байырғы атаулары қайтарылса дұрыс болар еді.
Рауан Байдалы,
Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі,
PhD докторы