Он күнге газ өшеді

Он күнге газ өшеді

Алдағы 1-­10 тамыз аралығында Қостанай облысының барлық өнеркәсіп орындары мен жылу-энергетикалық компаниясына табиғи газ беру уақытша тоқтатылады. Себебі, аталған уақытта «Қарталы – Рудный» магистральдық газ құбырына жөндеу жүргізілмек.

Жоспарлы жұмыс тұрғындарға ешқандай келеңсіздік тудырмайды. Алдын ала жиналған газ қоры есебінен көпқабатты тұрғын үйлерге үздіксіз, тұрақты  газ беріліп отырады. Өкінішке қарай, жөндеу жұмыстарына байланысты тұтынушылар он күн ыстық сусыз қалмақ.

­ “Қарталы – Рудный» магистральдық газ құбыры 1965 жылы пайдалануға берілді. 57 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеді. 2021 жылы алғаш рет құбырішілік диагностика жасалды. Соның қорытындысында тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін жыл сайын ескірген құбырды ауыстыру жұмыстары жүргізілмек. Биыл газ құбырының 19-31 км учаскесінде ақауы бар құбыр жаңарып,  174 км учаскеде  тоқтату клапоны ауыстырылады”, ­– деді «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы директорының орынбасары Андрей Неверов.

Табиғи газ тек  ірі кәсіпорындарда ғана өшетінін еске саламыз. Ал, өнеркәсіп орындары өз жұмысын тоқтатпау үшін баламалы энергия көздерін тауып, алдағы өзгеріске тап-тұйнақтай дайын болуға тиіс. Жоспарлы жөндеу жұмысы туралы қаладағы 39 өнеркәсіп орнына жетінші шілдеге дейін хабарланған. Кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Мерей Қазкееваның айтуынша, жөндеу жұмыстарына байланысты машинақұрастыру және ұн өнімдері саласындағы бес кәсіпорын өз қызметтерін жартылай тоқтатуды жоспарлауда. Бұдан басқа тағы сегіз кәсіпорынның жұмысы он күнге толық тоқтайды.

­ “Мониторинг нәтижесінде ірі кәсіпорындардың жұмыс істеу режимі анықталды. «Арасан», «МИЛХ», «ДЕП» сияқты тоғыз кәсіпорын дизель отынын пайдаланатын болды.  Электр қазандықтарының арқасында «Қостанай агромеханикалық зауыты» ЖШС, «Романа Групп» ЖШС, «Асалия» ЖШС, «Вадис М» ЖШС және басқалары қызметтерін жалғастырады. «Баян сұлу» АҚ фабрикасының дизель отынына көшуге мүмкіндігі бар. Алайда, ол шығынның ұлғаюына алып келеді”, ­ – деді Мерей Қазкеева.

Он күнге газдың тоқтауы өңірдің әлеуметтік­экономикалық даму көрсеткішіне айтарлықтай әсер ететін түрі бар. Қаланың Абай даңғылындағы жөндеу жұмыстары да кешеуілдеуі мүмкін. Өйткені, мердігер ұйым «АБЗ плюс» ЖШС­да асфальтбетон қоспасын өндіру үшін балама отын көзі жоқ.

­ “Абай даңғылындағы жөндеуді қала күніне дейін аяқтауымыз керек. Жұмысты тоқтатуға болмайды. Өткен аптадағы жауын­шашынның салдарынан қызу тірлік онсыз да тұралап қалды. «АБЗ плюс» ЖШС­ның асфальтбетон зауытын табиғи газдан ажыратпау мүмкіндігін қарастырсаңыздар”, ­ – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

 

Қымбат ДОСЖАНОВА

Жаңалықтармен бөлісу