Еркін күрестен білікті бапкер Өтебек Бекбосыновтың жүлдесіне арналған тоғызыншы дәстүрлі республикалық турнир 2009-2011, 2012 балалар мен қыздар арасында өтті. Жарыста еліміздің, Қырғызстан мен Тәжікстанның палуандары бақ сынады.
Өтебек Мырзахметұлы кеңес дәуірі кезіндегі Қазақстанның студенттер арасындағы чемпионы. Одақтық бірнеше жарыстардың жүлдегері әрі жеңімпазы болды. Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Қаратал ауылында дүниеге келген. Меңдіқара ауданындағы еркін күрестің негізін қалаған. 2007 жылдан бастап Қостанай ауданына қоныс аударып, Заречный ауылында еркін күрес бөлімін ашты. Сол жерден Қазақстанның чемпионы Алтынбек Батырбеков сынды үлгілі шәкірттерін дайындап шығарды. Бұлардың қатарында Сәндібек Сәрсенов, Кәрісбек Махамбетовтердің шоқтығы биік. Олар Қазақстанның жеңімпаз-жүлдегерлері, спорт шеберлері. Бүгінгі осы жарыстың басты ұйымдастырушылары.
«Жарыс жақсы деңгейде өтті. Шәкірттеріме алғысымды айтамын. Осымен бұл жарыс тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Қазіргі күрестің деңгейі биік. Оған еліміз егемендігін алғаны басты демеу болды. Жақсы-жақсы бапкерлер келді. Қазір барам десе, жарысқа кез келген жерге баруға болады. Облыста күрес одан әрі дамуы үшін әр ауданда бапкерлер мықты болу керек. Сонда ғана күрес ілгерлейді деп ойлаймын», – дейді Өтебек Бекбосынов.
Өтебек Мырзахметұлының әріптестерінің бірі Рашит Мұхамеджанов жылда турнирдің жоғары деңгейде өтіп келе жатқанын айтады.
«Алыс шетелдер мен облысымыздан палуандар келіп, аудан орталығында осындай жарыстың өтуі біз үшін зор мәртебе. Оның үстіне, бір емес, тоғыншы рет ұйымдастырылуда. Бұл да болса Өтебек замандасымыздың осы спортқа қосқан үлесі деп түсінеміз. Бұрын Қостанай ауданында еркін күрес болды. Кейін тоқсаныншы жылдары жабылып қалған. Содан кейін қайта жаңғыртып, жоғары деңгейге шығарып отырғанына көзіміз жетіп отыр», – дейді ол.
Алыс шетел демекші, Қырғыз елінен шәкірттерін алып келген бапкерлердің бірі Азамат Асанбеков.
«Қазақстанға шақырумен Бішкек қаласынан келдік. Екі баламыз жарыс чемпионы атанды. Екі бала үшінші орынға күресті. Турнир жақсы деңгейде ұйымымдастырылды. Былтыр да қатысқан болатынбыз. Сонда бұл жақтан үйренетін нәрсеміздің мол екенін түсіндік. Әсіресе, мында төрешілер әділ бағасын береді. Шәкірттерімнің көбі осы турнирден кейін ашылып жатыр», – дейді Азамат бапкер.
Жарыстың ең жас бапкері іргелес Рудный қаласынан шәкірттерін қосқан Ғали Байбатшаев. Жасы отызға жетпеген маман бүгінде ел чемпиондарын баптап жүр.
«Шәкірттеріме жаттығудағы дәрістен гөрі психологиялық дем бергенді қолдаймын. Сол жақты қалыпты болса, кез келген жарысты ұтып алуға болады. Соның арқасында бүгін төрт баламыз финалда өнер көрсетті», – дейді Ғали Байбатшаев.
Сонымен жарыс қорытындысына келсек, Камила Чумаченко(Қарсу), Аруна Русак (Жітіқара), Арсения Квернадзе (Қостанай), Карина Дьяченко (Павлодар), Ксения Ящук (Жітіқара), Дарья Граб (Жітіқара), Дінмұхамед Бекім (Павлодар), Нұрсұлтан Ишенгазиев (Қырғызстан), Ерасыл Сұлтанов (Павлодар), Байәл Құрменбеков (Қырғызстан), Артур Миронычев (Рудный), Есиджон Талбаков (Тәжікстан), Қажытай Кемел (Павлодар), Ислам Алиякпаров (Рудный), Эмирлан Кошейбеков (Қырғызстан), Муслихиддин Худжиевтер (Тәжікстан) алытыннан алқа тақты.
Айбек Ғалымұлы
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Қостанай ауданы