Өскелең ұрпаққа үлгі боларлық жиын

Өскелең ұрпаққа үлгі боларлық жиын

Қостанайда Аналар кеңесінің жобасы аясында  дәстүрге айналған «Әке – асқар тау» облыстық әкелер фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальге Сарыкөл, Бейімбет Майлин, Алтынсарина Ұзынкөл, Әулиекөл, Денисов, Меңдіқара, Жанкелдин ауданы мен Рудный, Лисаков қалаларынан келген отбасылар қатысты.

Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат отбасы құндылықтарын насихаттап, жанұядағы жан жылуы мен жағымды көріністерді өскелең ұрпаққа үлгі ету.

«Ұрпақ тәрбиесіндегі әкелердің атқарар  рөлі орасан маңызға ие. Сондықтан, «Қоғамдық келісім» мекемесі өкілдері әкелер фестивалін ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Жыл сайын қатысушылар саны да артып келеді, – дейді  Аналар кеңесінің үйлестірушісі Динара Әмірова.

Шарада әр қатысушы өзінің отбасы туралы видео әзірлеген.   Сондай-ақ, ат ерттеп, ат әбзелдерін жасап, шеберлік сағатын видеоға түсіріп бейнеролик жасаған. Меңдіқара аудынынан келген Байдос Қожасағиев ұл-қызына домбыра шертуді үйретіп, үнемі серуенге шығып тұрады. Ол Едіге Кешкенеевтің «Жігіттерге өсиет» теремесін орындап берді.

«Мен үлгілі әке болуға тырысамын. Менің әкем Серікбай Қожасағиев өз балаларына тәрбие  беруден ешбір аянған жоқ. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретті, еңбекке баулыды. Мен де өз балаларымның еңбекқор, білімді, отбасының қамқоршысы болғанын  қалаймын», – дейді шара қатысушысы Байдос Қожасағиев.

Марапаттау кешінде бір қатысушы ән шырқап, енді бірі өлең шумақтарын оқыды. Отбасылық көрініс көрсетті.

Іс-шара барысында «Артист» өнер академиясының оқушылары мен облыстық филармония әртістері өз өнерлерін көрсетті.

Қазақстан халқы ассамблеясы фестивальдің барлық қатысушыларына дипломдар, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Әсел ҚИБАШ

Жаңалықтармен бөлісу