Өңірімізде Дүниежүзілік қауіпті індетпен күрес күніне арналған науқан басталды

Өңірімізде Дүниежүзілік қауіпті індетпен күрес күніне арналған науқан басталды

Елімізде АИТВ-ға қарсы іс-қимыл шаралары белсенді жүргізіліп жатса да бұл дертпен әлі де күресу үстіндеміз.  Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған баспасөз конференциясын өткізді.

АИТВ-ға тап болған немесе қауіп төнген адамдарға көмек көрсетуді мақсат еткен арнайы қауымдастықтар бар. Олар науқастарды денсаулық сақтау қызметтерімен, серіктес ұйымдармен байланыстырып, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетеді.

ЖИТС–тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың бас дәрігерінің міндетті атқарушысы Андрей Чижков атап өткендей, еліміздің барлық өңірлерінде осы тақырыпқа баса назар аудару керек.

“Біздің облыста үкіметтік емес ұйымдардың рөлі жыл сайын артып келеді. Жергілікті бюджет пен халықаралық донорлар тарапынан халықтың негізгі топтарында профилактикалық іс-шаралар тиімді жүргізілуде. АИТВ-ның ерте диагностикасын анықтап, емдеуді ерте бастаудың маңызы зор. Бұл біздің емделушілердің ЖИТС-тен зардап шегуі мен қайтыс болуына жол бермейді”,–дейді ол.

Бүгінде облыста 2109 науқас АИТВ-дан ем қабылдауда. Бұл ретте индикатор кемінде 87%-ды құрайды. Емделушілердің 89%-ында қандағы вирустың нақты деңгейі анықталмаған, яғни адам ағзасындағы вирустың мөлшері аз. Осының арқасында жыл сайын ЖИТС-тен өлім-жітім көрсеткіші төмендеуде.

Жыл сайын 1 желтоқсанда Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні атап өтіледі. Бүкіл әлемдегі адамдар АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қолдау көрсету үшін бірігіп, осы аурудан  қайтыс болғандарды еске алады.

Биылғы жылы өңірімізде Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған науқан 20 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өтеді. Бұл күндері еліміздің барлық өңірлерінде АИТВ туралы ақпарат таратып, осы дертке шалдыққан адамдардың белсенділігін арттыруға бағытталған акциялар, дөңгелек үстелдер, тренингтер және басқа да іс-шаралар өтеді.

“1 желтоқсан күні біз онкүндік барысында әлеуметтік желілердегі үздік жарияланымға арналған конкурсты қорытындылаймыз. Үздік қатысушыларға естелік сыйлықтар дайындадық. Осы 10 күн ішінде бізде барлығы 30-ға жуық түрлі іс-шаралар жоспарланған”,– дейді “ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Қостанай облыстық орталығы” бас дәрігер орынбасарының міндетті атқарушысы Мария Шевырева.

Халықтың АИТВ-инфекциясы жайлы, оның алдын алу шаралары туралы хабардарлығын арттыру керек. “Біздің мақсатымыз – АИТВ-мен байланысты мәселелерге тап болғандарға қолдау көрсетіп,  көмек көрсету”,-дейді ЖИТС–тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың бас дәрігерінің міндетті атқарушысы Андрей Чижков.

 

Диана Батырбек

Жаңалықтармен бөлісу