«AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты ғалым қыз-келіншектердің өмірі мен ілім-білімге қосқан үлесін дәріптеуге арналған «Ғылымдағы әйелдер» атты өңірлік форум ұйымдастырды.
Форумда ғылым саласына өлшеусіз үлес қосқан қыз-келіншектер арнайы марапатталды. Бұл Алғыс қоғамды білімге баулып, ғылым жолында тер төгіп жүрген аруларға арналған. Олар түрлі салада табанды еңбек етіп, елдің өркендеуіне үлес қосуда. Нағыз әйел үйде ғана емес, тұтас ұлтқа қызмет ететінін дәлелдеп келеді.
Осының аясында шымылдық түрген форум түрлі саланы қамтымақ. Әсіресе ғылыми бағытқа құштар әйелдерге қолдау білдіруді көзеп отыр. Сол арқылы гендерлік теңдікті қалыптастырып, елдің өркендеуі жолында ғалымдарға қолдау көрсетілмек.
«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова әйелдер қанатының жұмысына оң баға берді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, озық мемлекеттің тағы бір маңызды белгісі – әйелдердің қоғамдағы мәртебесі. Сондықтан әйелдердің құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек. Мәселен, «AMANAT» партиясы әйелдер қанаты атқаратын жұмыстың 10 басым бағытын әзірледі. Оның ішінде отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу, өндірістегі еңбекті қорғау, отбасы денсаулығы мен құндылықтары, экономикалық құқықтар, әйелдердің ғылымдағы рөлі және тағы басқа бағыттар бар. Әр бағыт бойынша сараптамалық топтар жұмыс істейді. Олар туындаған мәселелерді шешуге қатысты өз пайым-пікірін ұсынады”, – деді «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова.
Бүгінде қазақстандық әйел елдің саяси, әлеуметтік өмірінде үлкен рөл атқарады және өмірдің түрлі салаларында еңбек етіп жүр.
Жалпы облыс тұрғындарының 51 пайызы әйелдер қауымы. Қазақстан Республикасы Парламентінде Қостанай облысынан 7 депутат болса, оның 2-і әйел заты. Облыстағы 6 мыңға жуық мемлекеттік қызметшілердің 65 пайыздан астамы әйелдер, 6-ы басқарма басшылары, 9-ы аудан әкімдерінің орынбасары болса, 36-ы ауылдық округтердің әкімі, 65-і аудандық мәслихат депутаты.
Тағы бір атап өтетін жәйт, ғылым қызметкерлерінің гендерлік өкілдігі де өзгеруде. Көптеген әйелдер академиялық біліктілікке ие болып, ғылыми салада жұмыс істейді.
Ғылымның дамуы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады, өйткені ғасырдың технологиялық прогресі өмірдің жаңа сапасына алып келді және ол ғылыми жетістіктерге негізделген.
«Қазақстандық қоғамда білім мен ғылыми білімнің құндылығы басым бағыттардың бірі. Статистикалық мәлімет¬тер¬ге сүйенсек, Қазақстанда жалпы ғалымдардың 54%-ын әйел¬дер құрайды. Мәселен, Қостанай облысында 6 жоғарғы оқу орнында 429 ғалым бар болса, оның 236 әйелдер, бұл 55 % құрайды (олардың 16-ы ғылым докторы, 184 ғылым кандидаты, 36-сі – PhD докторы). Осыншама нәзік жандар ғылым саласында тынымсыз еңбек етіп жүр. Жыл сайын ғылымдағы әйелдер саны артып келе жатқаны қуантады. Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызды басымдық. Ғылым мықты болған жерде мемлекет те мықты. Ғылымның арқасында біз азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, олардың жарқын болашағын қамтамасыз ете аламыз», – деді форумда сөз алған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы.
«Қостанай облысында ғылымды дамытудың проблемалық мәселелерін талқылау, ғылыми және өндірістік нысандарды аралау, әйелдердің ғылыми және технологиялық қоғамдастықтағы, инновациялар мен ғылыми зерттеулер саласындағы рөлін күшейту, қатысушылар арасында жан-жақты тәжірибе алмасу, әйел ғалымдардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жәрдемдесу. Еліміздегі ғалым әйел¬дердің ғылым мен инновация саласындағы рөлін күшейтуге бағытталған форумын Қостанайда өткізуге мүмкіндік берген «AMANAT» партиясына алғыс білдіреміз», – деді Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновация мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария.
Форумда әртүрлі салада қызмет жасап жүрген әйел азаматшалары алуан тақырыпта ой бөлісті. Атап кетсек, әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, саяси көшбасшылықтағы әйелдердің рөлі, қыз-келіншектердің ғылымдағы рөлі тәрізді ең өткір тұрған тақырыптар талқыланды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ