ӨҢІРДІҢ ДАМУЫ ПАРТИЯ НАЗАРЫНДА

ӨҢІРДІҢ ДАМУЫ ПАРТИЯ НАЗАРЫНДА

«AMANAT» партиясы жанындағы бақылау комитетінің және Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің мүшелері Қостанай облысына келгенін бұған дейін хабарлаған едік. Мәжіліс депутаттары Павел Казанцев, Екатерина Смышляева, Берік Бейсенғалиев, Юлия Кучинская аймақ тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.

Партиялықтар Арқалық пен Державин қалалары арасындағы автожолды жөндеу жұмысы барысын тексерді. «AMANAT» жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, бұл мәселе партияның сайлауалды уәделері аясында шешіліп, жөндеуге 2,5 млрд теңге бөлінеді.

Біз Қостанай облысындағы Арқалық және Ақмола облысына қарасты Державинск қалалары арасындағы тас жол туралы айтып отырмыз. Трассаның бойы жанданған, аймақ тұрғындары осы жолмен елордаға қатынайды. Державинскке жету үшін кейбір жүргізушілер қара жолымен айналып өтуге мәжбүр болды. Енді Қостанай облысы тарапынан биыл 38 шақырым жол жөнделеді, оның 24 шақырымы аяқталды. Ақмола облысы тарапынан 36 км тас жолды жөндеу жалғасуда, жыл соңына дейін барлығы 74 км жол қайта жаңартылады, – деді халық қалаулысы.

Аманаттықтар облыс орталығынан 450 шақырым жерде орналасқан Амангелді ауданының Қарынсалды ауылының тұрғындарымен де кездесті. Ауылда тек 140 адам тұрады, олар интернеттің жоқтығына, ұялы байланыс сапасының төмендігіне және жол сапасының нашарлығына шағымданды. «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева интернет тек қала тұрғындары үшін ғана емес, шағын ауылдар үшін де қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті.

Арқалық қаласына қарасты Ашутасты ауылында партиялықтар «Арқалық ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС ұжымымен кездесті. Фермерлер инфрақұрылымды дамытудың қолға алынып, жол салынып жатқанына қарамастан, жастар жұмыссыз қалғандықтан ауылдан кетіп жатқанына алаңдайды. Осы орайда, аманаттықтар ауыл шаруашылығын қолдау партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, алдағы уақытта Арқалық қаласындағы жылу орталығында «AMANAT» партиялық бақылау бекеті ашылатын болды. Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев атап өткендей, партиялықтар нысанды апта сайын тексеріп тұрады.

Өткен жылыту маусымының, әсіресе жекелеген өңірлерде қаншалықты қиын болғанын бәріміз білеміз. Әбден ескірген энергетикалық инфрақұрылым өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп жатыр. Коммуналдық желілердің тозығы жеткендіктен, ауыр апаттар барлық дерлік аймақтарда орын алуда. Сондықтан ЖЭО-ны қайта жаңғырту кезінде анықталған барлық кемшілікті жоюға қатысты жұмысты уақтылы және сапалы орындау мәселесі «AMANAT» партиясының тұрақты бақылауында болады. Біз биыл қыркүйек айының соңына дейін Арқалық қаласындағы ЖЭО-тың жөндеу жұмысын аяқтау үшін барлық шараны қабылдауды қамтамасыз етуіміз керек, – деді ол.

Павел Казанцев қазір Мәжіліс депутаттарының жұмысында электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа моделін әзірлеуге, салаға қосымша инвестициялар тартуға және барлық субъекті жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін электр энергетикасына қатысты 3 заң жобасы бар екенін айтты. Сонымен қатар, аманттықтар Арқалық қаласының кейбір жылу желілерін ауыстыру жұмысының барысымен танысты. Жергілікті әкімдікте айтылғандай, Ш.Жәнібек көшесі бойындағы ұзындығы 7,2 шақырым болатын жылу желісін тарту жұмысы осы жылдың қазан айына дейін аяқталады.

Бұған дейін «AMANAT» республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің Арқалық қаласының тұрғындарымен кездесуі барысында партия төрағасы Ерлан Қошанов моноқаланы дамыту үшін Үкімет кешенді жоспар әзірлейтінін айтқан еді.

 

Суреттер партияның облыстық филиалы баспасөз қызметінен алынды.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу