Өңірді өркендетудің бір саласы

Өңірді өркендетудің бір саласы

Елімізде экономиканың түрлі салаларының дамуына талдау жүргізілетін болады. «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Арқалық қаласын негіз ете отырып, шағын және орта бизнесті дамыту тетіктерін талқылады.

Райымбек Баталов Мемлекет басшысының VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын орындау үшін «Атамекен» ҰКП тарапынан ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Атап айтқанда, кәсіпкерліктің экономикалық картасы құрылады, ол әрбір саланың дамуына серпін беруге және жаңа тәсілдерді енгізуге дайын жергілікті көшбасшыларды анықтауға көмектеседі.

Сондай-ақ, төраға бүгінде өңірлерде бизнес-ортаның бір-біріне ұқсамайтын құрылымы бар екеніне назар аударды. Кәсіпкерлікті дамытуға серпін беру үшін шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы әзірленетін болады. Ал, бюджеттен қаржыландырылатын ауқымды жобаларды іске асыру кезінде бірінші кезекте отандық кәсіпкерлерге басымдық берілмек.

Біздің өңірде қой шаруашылығын дамыту Арқалық қаласының экономикасын дамытудың басты бағыты болуы мүмкін. Кеңесте бұл өңірдің мал шаруашылығы саласын дамыту үшін барлық артықшылықтары бар екендігі атап өтілді. Мұнда кең егістік жерлер мен шабындықтар бар. Сонымен қатар, мал өсірудің дәстүрі дамыған. Жүн қабылдаумен, теріні өңдеумен және мал азығын өндірумен айналысатын кәсіпорындар жұмыс істейді. Мамандардың бағалауы бойынша, аймақ фермерлері жаңа технологияларды белсенді қолданады.

Мұндай бизнес-модельді іске асыру осы бағытпен айналысуға дайын фермерлерге, жеке инвесторларға және ЖҮШ-ке кредит беру есебінен жоспарлануда. Қазіргі уақытта күнгей өңірде қой шаруашылығымен айналысатын 73 бизнес субъектісі бар. 70-тен астам жеке шаруа қожалығы осы бағытта өз бизнесін дамытуға дайын. Ал, ШОБ-ты қолдаудың кешенді бағдарламасы шеңберінде жұмыс орындарын көбейту сондай-ақ ет өңдеу көлемін ұлғайту жоспарлануда.

Кеңес қорытындысы бойынша жобаны іске асыру жолдары белгіленді, бұл, ең алдымен, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін әкімдіктер өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен тығыз өзара іс-қимыл орнататын болады.

Жаңалықтармен бөлісу