Өңірді думанға бөлеген би фестивалі

Өңірді думанға бөлеген би фестивалі

Ұлыстың ұлы күнінде Тобыл-Торғай төрінде бауырлас өзбек, қырғыз, татар, башқұрт елдерінен, Қазақстанның басқа өңірлерінен және Қостанай облысынан арнайы шақырылған би ұжымдары өнерлерін ортаға салып, қаламызды екі күн бойы думанға бөледі. Жастар сарайында “Наурыз достарын шақырады” IV халықаралық хореографиялық өнер фестивалі салтанантты түрде ашылып, облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев құттықтап, ақ жол тіледі.

Фестиваль түркі халықтарының ұлттық мәдениетін жаңғырту, сақтау, дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды мақсат тұтқан. Былтырғы жылы онлайн форматта өткен өнер кешіне биыл жан-жақтан би ұжымдары арнайы келіп, өңірімізде қонақ болды. Өнерпаздарды қала әкімі Марат Жүндібаев қабылдап, қаланы аралап, экскурсия жасап, танысып шықты. Бұл фестивальді өткізуге бастамашы болған әлемнің көптеген еліне танымал қостанайлық «Карнавал» хореография мектебі. Облыстық, қалалық әкімдік пен облыстық мәдениет және білім басқармалары қолдау білдіріп, салтанат құруына мұрындық болды.

 

Фестивальге Қырғызстан (Бішкек қ.), Өзбекстан (Ташкент қ.), Башқұртстан РФ (Стерлитамак қ.), Татарстан РФ (Қазан қ.) елдерінің, Қарағанды және Қостанай облыстарынан  бірнеше би ұжымдары арнайы келіп, қатысты. Би фестивалінің басты мақсаты бейбітшілік пен достық мерекесі Наурыз нақышын би тілімен бедерлеу және түркітілдес халықтардың билерін насихаттау. Әр елден келген өнерпаздар өз ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін ала келіп, өздері де ерекше сезімдерін білдіріп, алғыстарын жеткізіп жатты. Кеш соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов баршаны өнер кешімен құттықтап, қатысушыларды арнайы дипломдармен марапаттады.

Гузель Ешмакова, «Солнышко» би ансамблінің жетекшісі, Башқұртстан:

–Қазақстанға соның ішінде Қостанай жеріне арнайы шақыртумен келдік. Келгенімізге өте қуаныштымыз. Қазақ халқының дарқан көңілін бірден сезініп жатырмыз. Қаланы аралап, таныстық. Қостанай сондай әдемі, тұрғындары мейірімді екен. Бізді қонақжайлық танытып қарсы алғандары көңілімізді марқайтып тастады. Наурыз мерекесі біздің елде тойланбайды. Алғаш рет қазақ халқының ұлттық мерекесін көріп жатырмыз. Башкирияда мұндай мерекені атап өтпейді. Бізде сабантойды тойлайды. Наурыз керемет мереке екен. Сондай кеңпейіл халықтың ниеті сезіліп тұр. Фестиваль аясында қаншама жандармен таныстық. Биліктің өнерді, мәдениеттті қолдағаны жас дарындарға жол ашқандығы емес пе. Өнер кеші өтіп жатқан Мәдениет сарайы қандай тамаша. Жарқырап тұр. Біз барған мектептер, қала іші таза, әдемі, бәрі өте керемет. Сондай әсер алып, рухани байып қалдық. Енді қостанайлық өнерпаздарды өз елімізге шақырғымыз келеді.

Қанат Фаткулин, «Жаш қанат» халықтық үлгідегі би ансамблінің жетекшісі, Қырғызстан, Бішкек қаласы:

–Мен фестивальдің көркемдік жетекшісі Шамиль ағаны көптен танимын. Сол кісінің шақыртуымен арнайы келдік. Бұрын онлайн түрде қатысқан едік. Ұйымдастыру барысы өте жоғары деңгейде. Басышылық қолдау білдіріп жатса өнер адамдары рухани күш алып, өнеріміз өрістеп, өрлейтіні сөзсіз. Өнерге қашанда қолдау керек. Бір шараға қаншама маман кірісіп, ұйымдастырып жатқаны көрініп тұр. Фестиваль заманауи емес, халық билерін дәріптеп, әр ел өзінің мәдениеті мен тарихын ала келіп, бүгінгі наурыз мерекесіне леп бергендей. Алғысым шексіз.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА.

Жаңалықтармен бөлісу