Өңірде үкіметтік емес ұйымдардың дені өз істеріне жауапсыз

Өңірде үкіметтік емес ұйымдардың дені өз істеріне жауапсыз

Мемлекеттік органдардың алдында тұрған міндеттердің бірі – мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту, азаматтық қоғам институттарынның белсенділігін арттыру. Әрекетсіздерді уақытылы әшкерелеп отыру да қаперде ұсталуға тиіс. Өйткені ҮЕҰ ретінде тіркелгенімен, міндеттеріне немкеттілеу қарайтын «ұйымдар» аз емес. Бұл туралы облыс әкімдігінің аппарат мәжілісінде айтылды.

Қазір облыста 1029 үкіметтік емес ұйым тіркелген, олардың ішінде 886 ұйым жұмыс істеп жатыр, белсенді қызмет атқаратындар саны – 217. Қалғандары санда бар, санатта жоқ.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес коммерциялық емес ұйымдар жыл сайын ҮЕҰ Дерекқор базасына мәлімет жолдауы тиіс. Біздің басқарма Әділет және мемлекеттік кірістер мекемелерімен бірлесіп, нақтылау жұмыстарын жүргізді. Оның қорытындысында 252 ұйымның қызметі тоқтатылды, 52 ұйым жабылу сатысында, 64-і әрекетсіз деп танылды, 24 ұйымның анықтау нөмірлері жоқ», – дейді облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев.

Оның айтуынша, әрекетінің берекеті жоқ ҮЕҰ көп. Олардың кейбіреулері жергілікті деңгейдегі және басқа салалардағы әріптестерімен байланыс орнатпайды. Сарапшы бола алатын ұйымдар да аз. Өңірлерде атқарған қызметі нөлге тең ұйымдар тіркеуде тұрғандықтан, ішкі саясат бөлімдері облыстық ресурстық орталықпен бірлесіп, мұндай жауапсыздар жұмысын жаба бастауы қажет.

Жандос ЖҮСІПБЕКОВ

 

Жаңалықтармен бөлісу