Облыста арнаулы Жол картасы аясында қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Аудан-қала әкімдіктері Коммуналды қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіткен. Қабылданған шаралар нәтижесінде заң талаптарына сай келетін ҚТҚ полигондарының үлесі 56%-ға жеткізіліпті. Нақтысында, өңірдегі 239 полигонның 133-і аталған ереже-талапқа сәйкеседі.
«Тағы айта кетерлігі, облыс әкімдігі Экология және табиғи ресурстар министрлігімен ауылдық полигондарға қойылатын талаптарды жеңілдету, қолданыстағы коммуналдық қалдық орындарын заңдастыру мәселелері пысықталу үстінде. Басқарма аудан-қала әкімдіктерімен бірлесіп, коммуналдық қалдықтарды жинау жүйесін оңтайладыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Мұның нәтижесінде соңғы жылдары қалдықтарды кәдеге жарату үлесі он есеге өсті», – дейді облыстық Табиғи ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков.
Қазір қалдықтарды жеке-бөлек жинау жүйесі облыстың 61 елді мекенінде бар. Ол үшін 2139 арнаулы контейнер орнатылған. Ал қалдықтарды сұрыптау 29 елді мекендегі полигондарда жүргізіледі. Өңірде алты қалдық сұрыптау желісі жұмыс істеп тұр.
«Сегіз елді мекенде 14 қайталама шикізат қабылдау пункті ашылған. Оларда жыл сайын пластик, қағаз, шыны, қаңылтыр банка түріндегі 5 мың тонна қалдық қабылданып, қайта өңдеуге жіберіледі. Облыста 13 жеке компания қайталама шикізатты кәдеге жаратумен айналысады. Бұл кәсіпорындар дайын өнімнің 15 түрін шығарады», – дейді ол.
Алға қойылып отырған жоспарлар да аз емес. Жалпы құны 8,9 млрд теңге болатын төрт жобаны іске қосу көзделіп отыр. Оның үшеуі Рудныйға тиесілі: қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге арналған «Рудный-Абат-2006» ЖШС, резина-техникалық өнімдерді қайта өңдеу өндірісін жаңғыртуды «Еділ и Компания» ЖШС қолға алмақ, сондай-ақ «L-Trading» ЖШС қоқыс шығаруға арналған арнаулы техника сатып алуды көздейді.
«Тағы бір жоба Қостанай қаласында іске қосылмақ. «Север-Комбинат» ЖШС макулатураны қайта өңдеу зауытын салуды жоспарға алып отыр. Мұның сыртында, биыл Рудныйда «Perviy Potolochnyi KZ» ЖК поливинилхлорид қалдығын қайта өңдейтін зауытты жаңғыртудан өткізді. Осы бағыттағы жобаларды ынталандыру үшін орталық мемлекеттік органдарға салықтық жеңілдіктер жасау туралы ұсыныс жолданды», – дейді Е.Қатарбеков.