Өңірде инженерлік желілерді коммуналдық меншікке беру тәртібін біріздендіру ұсынылды

Өңірде инженерлік желілерді коммуналдық меншікке беру тәртібін біріздендіру ұсынылды

Құрылысшылардың айтуынша, тұрғын үйлер пайдалануға берілгеннен кейін инженерлік инфрақұрылымды коммуналдық меншікке өткізу рәсімінің нақты әрі бірыңғай тәртібі жоқ. Соның кесірінен құрылыс салушылар, коммуналдық кәсіпорындар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы даулардың ұзаққа созылуына себеп болып отыр.

Бұл мәселе Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік палатасының құрылыс мәселелері жөніндегі Салалық кеңесінің отырысында талқыланды.

Қостанай облысы Құрылысшылар қауымдастығының директоры Ирина Викулованың айтуынша, тұрғын үйлер салынғаннан кейін инженерлік желілер мен трансформаторлық қосалқы станциялардың жаңғыртылған жабдықтарын коммуналдық меншікке беру мәселесі жүйелі сипатқа ие.

«Құрылысшылар тұрғын үйлерді салу аяқталғаннан кейін инженерлік инфрақұрылым нысандарын беру рәсімдерін аяқтау кезінде үнемі қиындықтарға тап болады», — деді Ирина Викулова.

Құжаттар бар, бірақ рәсім бірнеше жылға созылады

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құрылыс салушылар сыртқы инженерлік желілерді коммуналдық меншікке беруге, кондоминиум нысанын тіркеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ МИБ немесе жай серіктестік құрылғаннан кейін меншік иелеріне техникалық және жобалық құжаттаманы тапсыруға тиіс.

Алайда іс жүзінде бұл талаптарды орындау кезінде бірқатар кедергі туындайды. Атап айтқанда, үйді басқару органдарының болмауы, меншік иелерінің белсенділігінің төмендігі және инженерлік жүйелерді қабылдауға қойылатын талаптардың әртүрлі болуы процестің созылуына әкеледі.

Отырыс барысында Тәуелсіздік көшесі, 166 мекенжайындағы тұрғын үйге қатысты мәселе мысал ретінде келтірілді.

Құрылыс салушы — «Ирина и К» ЖШС директоры Александр Корчинскийдің айтуынша, нысанға қатысты құжаттардың толық пакеті 2019 жылы ЖКХ бөліміне тапсырылған. Кейін электр желілерін тексеріп, оларды қала құрылысы кадастрына енгізу жоспарланған. Осыдан соң инженерлік желілерді сот шешімі негізінде қызмет көрсетуші ұйымның балансына беру көзделген.

Алайда рәсім соңына дейін жеткізілмеген. Бір жылдан кейін құрылыс салушыдан қосымша құжаттар топтамасы сұратылған. Нәтижесінде мәселе сотқа дейін жетпеген.

Коммуналдық кәсіпорындар да бірыңғай тәртіптің жоғын айтады

Инженерлік инфрақұрылымды қабылдау мәселесі коммуналдық кәсіпорындарға да қиындық туғызады.

«Қостанай Су» МКК өкілінің түсіндіруінше, кәсіпорын инженерлік желілерді құрылыс салушыдан тікелей қабылдай алмайды. Алдымен олар әкімдікке сенімгерлік басқаруға берілуі, содан кейін ғана коммуналдық ұйымның балансына өткізілуі керек.

«Үйлерді беру кезінде құрылыс салушылар үйді пайдалануға қабылдау актісін және инженерлік коммуникацияларды пайдалануға қабылдау актісін алуы керек. Алайда олар мұны жасамайды. Сондықтан желілерді сот арқылы иесіз мүлік ретінде рәсімдеуге тура келеді. Олар бізге берілмейінше, біз оларға қызмет көрсете алмаймыз», — деді кәсіпорын өкілі.

Коммуналдық қызмет мамандары техникалық құжаттаманың толық пакетін ұсыну қажеттігін де атап өтті.

Олардың айтуынша, құжаттардағы инженерлік желілердің ұзындығы немесе пайдаланылған материалдар туралы мәліметтер кей жағдайда нысандағы нақты жағдаймен сәйкес келмейді. Бұл желілерді коммуналдық кәсіпорынның балансына қабылдау процесін қосымша қиындатады.

Мемлекеттік және жеке құрылыс нысандарына қойылатын талаптар әртүрлі

«Форфайт» ЭПК директоры Дидар Аманжоловтың айтуынша, барлық қажетті құжаттар болған жағдайда жеке құрылыс салушылар кабель желілерін энергиямен жабдықтаушы ұйымға тікелей бере алады.

Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша салынған тұрғын үйлердің кабель желілері ЖКХ бөлімі арқылы берілуі тиіс.

Келіспеушіліктерді құрылыс аяқталғаннан кейін емес, жұмыс барысында анықтау үшін коммуналдық кәсіпорындардың мамандарын құрылыс кезеңінде-ақ жасырын жұмыстарды қабылдау жөніндегі комиссиялардың құрамына енгізу ұсынылды.

Бұл тәсіл инженерлік желілердің техникалық сипаттамаларын, пайдаланылған материалдарды және олардың нақты параметрлерін нысан пайдалануға берілгенге дейін тексеруге мүмкіндік береді.blank

Бірыңғай алгоритм қажет

Талқылау қорытындысы бойынша Қостанай облысының Құрылысшылар қауымдастығы инженерлік желілерді беру процесін біріздендіруге бағытталған бірқатар ұсыныс жасады.

Атап айтқанда:

  • инженерлік желілерді коммуналдық меншікке берудің бірыңғай әрі ашық тетігін әзірлеу;

  • коммуналдық кәсіпорындардың инженерлік желілерді қабылдауына қажетті құжаттар мен техникалық талаптардың толық тізбесін бекіту;

  • әкімдік, коммуналдық кәсіпорындар, құрылыс салушылар және тұрғын үйлерді басқару органдары арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмін нақтылау;

  • инженерлік желілердің техникалық жағдайын құрылыс кезеңінде бақылауға мүмкіндік беретін коммуналдық кәсіпорындар өкілдерінің комиссия жұмысына қатысуын қамтамасыз ету.

Құрылысшылардың пікірінше, мұндай тәртіп инженерлік инфрақұрылымды қабылдау кезінде туындайтын дауларды азайтып, желілерді коммуналдық меншікке беру процесін жеделдетуге жол ашады.