Өңір басшысы Жітіқара ауданында болды

Өңір басшысы Жітіқара ауданында болды

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Жітіқара ауданына жұмыс бабымен барды. Өңір басшысы ең алдымен Пригородное ауылына ат шалдырып, ауылдағы жаңадан салынған мәдениет үйінің тыныс тіршілігімен танысты.

Облыста «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Алтынсарин, Қамысты және Ұзынкөл аудандарында мәдениет үйілері салынып, жаңғыртылып жатыр.

 

Науырзым ауданында мәдени-демалыс орталығының құрылысы таяуда аяқталады. Сондай-ақ, биыл Жітіқара ауданының Пригородное ауылындағы мәдениет үйі пайдалануға берілді. Оның құрылысына 235 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды.

«Ауданы мың шаршы метрден асатын жаңа мәдениет нысаны барлық қажетті заттармен жабдықталған. Жүз орындық бұқаралық іс-шаралар өткізетін залы бар, кітапхана, спорт залы, мұражай бөлмесі орналасқан. Ең бастысы мәдениет үйі қаңырап тұрмауы керек. Керісінше жұмыс қыза түскенін қадағалаңыздар. Жағдай жасалып, қажеттінің барлығын алынған. Енді ауыл халқы мүмкіндікті тиімді пайдалануы керек», – деді облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов аудандағы жылу орталығы қазандығының қайта жаңғырту жұмысымен танысты.

Одан кейін аудандық аурухананың гемодиализ орталығының жөндеу жұмысын барып көрді.

Халықпен кездесу өткізген соң, «Қазақстан халқына» қорының басқарма басшысы Болат Жәмішевпен бірге «Батыр-Арена» жаңа спорт залының ашылуына қатысты.

«Биыл облыста 12 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бес дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Сондай-ақ, Қарабалық пен Жангелдин ауданында жылы хоккей корттарының құрылысы жүргізілуде. Болашақта мұндай корттар әр аудан орталығында болады. Жітіқара ауданында құны 160 млн теңге болатын “Батыр-Арена” ангар үлгісіндегі спорт залы ашылуда. Жоба “Қазақстан халқына” Қоғамдық қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Бұл қор қаражаты есебінен жүзеге асырылатын облыстағы алғашқы жоба емес. Көптеген әлеуметтік жобаларды іске асыруға көрсеткен көмегі үшін азаматтарымыздың атынан алғысымды білдіргім келеді», – деді спорт залдың ашылу салтанатында Құмар Ақсақалов.

Залдың жалпы аумағы мың шаршы метрден асады. Онда футбол алаңы, 50 орындық трибуна қойлылған. Спорт зал орталық жылу желісіне қосылған. Күніне нысанға 100-ге жуық адам бара алады.

Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

 

 

Жаңалықтармен бөлісу