Өңір басшысы Бейімбет Майлин ауданына іссапармен барды

Өңір басшысы Бейімбет Майлин ауданына іссапармен барды

Бейімбет Майлин ауданында ірі инвестициялық жобалар іске асады. Ауқымды жобаның бірі – көкөніс қоймасының құрылысы. “Green Terra” ЖШС жобасының құны – 1 млрд теңге. Қойма 6 мың тонна көкөніс сақтауға мүмкіндік беріп, онда 12 адам тұрақты жұмысқа қабылданады. Нәтижесінде бағаны ішінара өндірілген көкөністерді сақтай отырып тұрақтандыруға болады. Аудан халқымен есептік кездесу өткізген өңір басшысы Құмар Ақсақалов өзге де ауқымды жобалармен таныстырды.

Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Соңғы үлгідегі желдету жабдықтары сатып алынған. Келер жылы тағы екі қойманың құрылысы басталады. Олардың әрқайсының сыйымдылығы – 4 мың тонна. Өңір басшысы баяндамасында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. 

            – Мемлекет басшысы Жолдауда ет, сүт және астықты терең өңдеуге баса назар аудара отырып, қуатты экономикалық серпіліс қажет екенін айтты. Бұл салада жаңа жұмыс орындарын құруға және бизнесін дамытуға ықпал ететін инвестициялық жобалар іске асырылуда. Майский ауылындағы құс фабрикасының жұмысы 2014 жылы тоқтаған. Қиын кезеңде де жұмыс істеген еді. Жұмыскерлерге жалақы төлеу қиын болды. Соның өзінде жұмысын тоқтатқан жоқ. Қазіргі жағдайы адам шошырлық. Қалай ғана сап-сау фабириканы күйретіп жіберуге болады? Барлық коммуникациялық желі тартылған. Енді қайтадан аяққа тұрғызу керек. Ауыл шаруашылығы басқармасы кәсіпкермен бірігіп жұмыстарды жүргізетін болады, – деді аймақ басшысы.

Құс фабрикасын қайта құруға “Qarqyn Qus” ЖШС ниет білдірген. 2021 жылы жобалық-құндық құжат әзірленген. Келер жылдың маусым айынан құрылыс жұмысын бастап, 2025 жылдың желтоқсан айында іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов ауданда мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың аз екенін айтты.

            – Мал шаруашылығымен айналысатындар саусақпен санарлық. Миллион гектар жер бос жатыр. Біз болсақ мал етін, сүтті, құс етін, тағы басқа өнімдерді сырттан әкеліп, халықты импортқа тәуелді етіп қойдық. Өзімізде бар фабрикалар қаңырап тұр. Жер иеленіп отырған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мал шаруашылығымен мықтап айналысуы керек. Мемлекет тарапынан тиісті көмектер болады. Сіздердің міндеттеріңіз – мал шаруашылығын дамытып, жұмыс орындарын құру, – деп нақтылады Қ.Ақсақалов.

Аймақ басшысы әр салаға жеке тоқталып, мәлімет берді. Білім, спорт, денсаулық пен мәдениет саласында атқарылатын жұмыстар ауқымды. Тұрғындар тарапынан да сауал аз болған жоқ. Жергілікті жұрт ауылдағы түрлі проблеманы көтерді.

            – Красносельский ауылындағы фельдшерлік-амбулаториялық пунктке су жүйесі әлі тартылған жоқ. Ауылдық округтің бұрынғы әкімі қаржы тауып, қоршаудан ФАП-қа дейін құбыр өткізуге 5 метр қаздыртты. Құдық пен ФАП-тың арасында жол жатыр. Сызбаға сәйкес, су жеткізілген, ал анығында құбыр жоқ. Шағымданбаған жеріміз қалмады. Бәрі бір-біріне сілтейді. Мердігер құбыр тарттық деп отыр. Олар жерді қазбаса қалай тартады? – деді тұрғын.

Аудан әкімі Қайсар Мыржақыпов жағдайдан енді ғана хабардар болып отырғанын айтты. Мердігермен байланысып, тиісті жұмысты ақырына дейін жеткізуге уәде берді. Құмар Ақсақалов мәселені жедел шешуді тапсырды.

            – Медициналық пунктке су тартылмаған дегенді қалай түсінуге болады? Халыққа ең қажетті нысан. Мәселені жедел шешіңдер, – деді облыс әкімі.

Тұрғын аудан орталығындағы көшелердің жай-күйін айтып, қашан жөнделетінін сұрады. Аудан басшысы жол жөндеуге қаржы бөлінгенін, биыл орталықта 5 көше жөнделетінін айтты.

            – Жергілікті бюджеттен 290 млн теңге бөлінді. Ол қаржыға аудан орталығындағы бес көшеге және Новоилинов ауылындағы бір көшеге орташа жөндеу жұмысын жүргізетін боламыз. Тұрғындардың сұрауымен Жабағы батыр көшесіне тротуар төседік, – деді аудан әкімі.

Тобыл ауылының тұрғыны кәріз құбырының үнемі бітеліп қала беретініне шағымданды. Соның кесірінен құбырлар бір-бірінен ажырап, жағымсыз иіс тқтас ауылды алып кетеді екен.

            – Жертөлені ақшасын төлеп әркез тазартып отырамыз. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын өз жұмысын тиісті деңгейде атқармай отыр. Жергілікті билікке айта-айта шаршадық. Енді сізге шағымдануымызға тура келіп отыр, – деді тұрғын.

Аудан әкімі кәріз жүйелерінің жай-күйімен таныс екенін айтты. Жүргізілгеніне 50-60 жыл болғандықтан, құбырлар әбден тозған. Облыс әкімі кәріз құбырларына қатысты мәселені қаржы бөліп, жөндеу жүргізуді ТҮКШ бөліміне шешуді тапсырды.

Бас-аяғы үш сағатқа созылған жиында әр тұрғын қойған сауалына мардымды жауап алды. Құмар Ақсақалов халықты әркез осылай белсенді болуға шақырды.

 Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу