“Мирас” мәдениет үйінде ХХХVI “Өнеріміз саған, Қазақстан” атты облыстық көркемөнерпаздар байқауында Қостанай қаласының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
Аталмыш байқауда қала өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, жиналған көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Байқауға қала тұрғындары мен жастар қауымы қатысты.
Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін байқаудың жастарға беретін мүмкіндігі жоғары. Себебі осы байқау арқылы көптеген жаңа есім елге танылды. “Мирас” ансамбілінің мүшесі Қырмызы Меңдібайқызы қала өнерпаздары байқауға бірнеше күн қызу дайындалғанын айтады.
– Жыл сайын өткізілетін “Өнеріміз саған, Қазақстан” байқауының қоғамға, өнер әлеміне берер пайдасы көп. Қазір балалардың таңнан кешке дейін қарайтыны смартфтон. Оның зияны жайлы айтпасақ та түсінікті. Бұл байқаудың пайдасы осы жерден анық байқалады. Жастар түрлі үйірмелерге қатысып, өздеріне пайдалы іспен шұғылданады. Өтіп жатқан байқауға қатысушылар арасында жастардың көптігі көңіл қуантады, — дейді. Қ.Меңдібайқызы.
Осылайша, бір айға созылған байқау облыс орталығында қорытындыланды. Енді әр өңірден үздік деп танылып, жоғары ұпай жинаған өнерпаздар Қостанай қаласында өтетін гала-концертке шақырылады.
“Бөліп-жарары жоқ, барлық аудан-қалаларда мәдениеттің деңгейі өскенін байқадық. Әкімдер өздері бас болып, дайындықтарына қатысып, өнерпаздарды қолпаштап жүрді. Жетіген, қобыз сияқты аспаптардан құралған этно-ансамбльдер қатары көбейе бастағанын көрдік. Ауыл клубтарының өнерпаздары қатысқаны да қуантты. Осы айдың соңында гала-концерт өтеді. Сонда облыстағы ең үздіктердің өнерін тамашалауға баршаңызды шақырамыз”, – дейді облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының басшысы Дәмер Қалқаев.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Суреттерді түсірген автор.