Ерлі-зайыпты Андрей мен Ирина Ли өз бизнесін пандемия дендеп тұрған кезде бастады. Ол үшін үйлену тойынан да, бал айынан да бас тартып, қолдарындағы азын-аулақ ақшасын тиімді іске жаратуды көздеді. Сөйтіп, homies_wear бренді мен балалар киімін тігетін шағын цех ашты. Содан бері көзді ашып-жұмғандай үш жыл лезде өте шығыпты. Бүгінде олардың отбасылық кәсібі едәуір ілгерілеген. Жаңа ғимаратты жалға алып, жұмыс орындарын ұлғайтты. Бүгінде олардың қарамағында он жеті адам еңбек етеді.
–Бізге тапсырыс беретіндер қатары көбейіп келеді. Мәселен, бұған дейін Ресейден тапсырыстар түссе, қазір өз еліміздің аумағында біздің өнімдеріміз көптеп сатыла бастады. Сұраныс жоғары. Сондықтан, жолдасым екеуміз өндірісті ұлғайта түсуді ұйғардық. Сату бөлімін ашып, өнімдерімізді Wildberries-ке шығардық. Бүгінде қатарымызға жас мамандарды тартып жатырмыз. Мемлекеттік сатып алуларға ұдайы қатысып тұрамыз,– дейді Ирина Ли.
Өткен жылы кәсіпкерлер 5 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, оған тігін машиналары, принтер сияқты бірқатар жабдықтар әкеп орнатты. Биыл, мамыр айында ерлі-зайыптылар мемлекеттік қолдаудың арқасында тағы бір мәрте кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасымен жеңілдетілген несие рәсімдеді. Оған несиеге мата, пакеттер, басқа да керек-жарақ сатып алды. Сондай-ақ, жарнама компаниясына инвестиция құйды. Ирина Ли жеке кәсіпкерлігі балалардың спорттық киімдерін, футболкалар, шолақ шалбарлар жейделер тігеді. Сәуір айынан бастап шағын өндіріс ошағы әйелдер киімдерін шығара бастады. Өйткені, оларға тапсырыс берушілер көбейген.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Б.Мейрамұлы