Ертеңгі жарқын жеңістердің куәсі болуға асыққан жандар бүгін спортқа деген нағыз достық, адал ниетпен Қостанайдағы шаңғы базасына жиналды. Қысқы спорт түрлерінен облыс біріншілігі бірнеше жылдан кейін қайта жалауын көтерді.
Аудан-қалалардан келген құрама командалардың мүшелері алаңды айнала шеруге шықты.
Жарыс маршы орындалып, Тобыл көгінде еліміздің әнұраны асқақтады.
Жоғарғы педагогикалық колледж студенттері флешмоб ұйымдастырды.
«Қысқы Спартакиада біздің аймақ үшін стратегиялық шара болып қалыптасқан. Климаттық жағдайлар, жаңадан салынған спорт ғимараттары қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударуды міндеттейді», – деп сөзін сабақтаған кезіндегі Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген жаттықтырушы Иван Гаранин ел қоржынына талай жүлде әкелген шәкірттерінің жарқын істерін еске алып, қатысушыларға үлгі етті.
Иә, осы тұрғыда Харбин қаласында өткен XI Қысқы Азия ойындарында қостанайлық спортшылардың жетістіктерін, атап айтқанда, шорт-трегтен алтын медаль алған Глеб Ивченко, шаңғы жарысындағы Наиль Башмаков пен Владислав Ковалевтің қола жүлде сыйлаған нәтижелерін атап өтпеу мүмкін емес еді.
«XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде Мемлекет басшысы өңірлердегі спорт түрлерін қаржыландыру саясатын айқындауды, басым спорт түрлерін нақтылауды қоса алғанда, спортты басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру жөнінде әзірленген ұсыныстар енгізуді тапсырды. Қостанай облысы үшін жарты ғасырлық тарихы бар қысқы спорт түрлері, жарқын жеңістер мен әлемдік деңгейде танылып жатыр», – деді бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дулат Советханұлы.
Қатысушыларға жарқын жеңістер мен сәттілік тіледі.
«Спартакиада соңғы рет 2006 жылы өткізілген болатын. 2007 жылдан бастап оның орнына шаңғы фестивалі өткізіліп келді. Уақыт алға жылжуда. Жаңа заман ұмытылған дәстүрлерді жандандыруға мүмкіндік береді, бұған қысқы спорт түрлерінің инфрақұрылымын дамыту және өңірдің климаттық жағдайларын ықпал етеді. Ұмытылған дәстүрлерді жаңғырта отырып, қысқы Спартакиада Қостанай спортының болашақ жұлдыздарының жаңа есімдерін ашылатынына сенімдіміз», – деді басқарма басшысы.
Қысқы спорт түрлерін кешенді дамыту үшін облыста 3 спорт сарайы, 77 хоккей корты, 36 шаңғы базасы бар. «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан орталықтарында тағы 6 жабық хоккей кортының құрылысы жоспарланған.
Спартакиада қорытындысы бойынша Республиканың VI қысқы спартакиадасына қатысу үшін облыстың құрама командасы құрылады. Ол осы жылдың 17 наурызы мен 13 сәуірі аралығында өтеді. Спортшылардың 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындығы қаралатын болады.
Айбек ЖҮЗБАЙ