«Міржақып» көрерменге жол тартты

«Міржақып» көрерменге жол тартты

Арқалық қазақ жасөспірімдер театры «Міржақып» тарихи композициясын сахналады. Авторы ақын – жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі С. Пірманов. 

Биыл даңқты жерлесіміз, қазақ халқының аяулы перзенті, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл.

Ұлттың ұлы тұлғасының мерейтойын арқалықтықтар елде алғашқылардың бірі болып толымды іс-шараларымен қарсы алып отыр.

Тарихи комозицияда Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының балалық шағы мен жастық шағы, қайраткерлігі, революциядан кейінгі жылдар, ашаршылық кезіндегі қоғамдық – саяси қызметі және жан жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы баяндалады.

Жас театр ұжымы тарихи туындыны шеберлікпен ойнап шықты.

Басты рөлдерде: Міржақып – Д.Қадырханов, бала Міржақып – Ж.Жүнісбек, Мұқан – ҚР Мәдениет қайраткері О.Нұрғали, Ахмет – Ә.Манетов, Ғайнижамал – А.Әбілова, тергеуші – А.Алматов.

Тың туындыны көрермен жылы қабылдады.

Қойылым соңында қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, қалалық мәслихаттың төрағасы Гүлбану Елтебаева және ел ағасы, белгілі қолөнер шебері, тарихшы – өлкетанушы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдин ел асылын ардақтаған театр ұжымына алғыстарын білдірді.

«Жергілікті Алаш қайраткерін халыққа қайтадан жаңғырту оңай шаруа емес. Себебі, тарихта болған, көзкөргендері бар, елі ұмытпаған заңғар тұлға. Өнеріміз көрерменнің көңілінен шығып жатса ол біздің жеңісіміз бен жемісіміз. Композиция болғанымен трагедияның жүгін алып шықты деп айтуға болады», – дейді қойылымның қоюшы режиссеры, театрдың бас режиссеры Ербол Абжалов.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу