Алапат тасқын салдары тұрғындарды электр қуатынан да айырды. Қазір Аманкелді және Жанкелдин аудандарының бірнеше ауылында әлі күнге дейін жарық жоқ.
Аманкелді ауданы Үрпек ауылы наурыздың аяғынан бері жарықсыз отыр. Маңайды су басуына байланысты, ауыл халқының сыртпен қатынасы да үзілген. Елді мекен аудан орталығынан таяқ тастам жерде. Екі мыңға жуық халқы бар ауылдың бұл мәселесі қашан қалпына келетіні белгісіз.
Шешімі күрделі болып тұрған осы бір мәселенің себебіне білмек үшін жергілікті билік өкілдерімен байланыс орнатып көрген едік.
“Жағдай қазір мәз емес. Арқалықтан арнайы келген электр стансасының мамандары жұмыс істеп жатыр. 120-дан астам электр бағандарының құлап, су астында қалуы уақытылы жөндеуге зор кедергі келтіріп тұр. Екі аптадан бері жарық бере алмай отырмыз. Тіпті одан да ұзап кетуі мүмкін”, – деп отыр аудан әкімдігінің өкілдері.
Ауылда жарық болмағасын байланыс та жоқ. Күнделікті ауыз су да осы электр жүйесі арқылы келетін. 1800-дей тұрғыны бар елді мекеннің шағын наубайханасы да жұмысын тоқтатуға тура келген. Жер аяғы кеппей, аудан орталығымен екі ортадағы бағандардың қалпына келе қоймасы түсінікті. Осы жерде ауыл ақсақалдары елге жарық берудің оңай жолын көрсетіп отыр. Ауылдың іргесіндегі дайын қосалқы станцияға 110 тетігі келіп тұр. Сол жерден 2500 кВт трансформатор орнатып берсе, елге жарық беруге болатынын айтады.
Аудан көлемінде жарық, байланысы жоқ басқа да елді мекендер бар.
“Қазіргі таңда гуманитарлық көмекпен келген генераторларды осы жақтарға үлестіріп жатырмыз. Бұл заттар төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары арқылы арнайы тікұшақ, қайықтармен жөнелтіледі. Бүгін “Біз біргеміз” ұйымынан тағы 80 генератор келді”, – дейді сол өңірдегі тілшіміз Айбек Таңатбаев.
Мұндай мәселе көршілес Жанкелдин ауданында да бар. Төрт ауылында электр желілері қалпына келмей тұр. Ақкөл, Ахмет Байтұрсынұлы, Сарысу, Қызбел ауылдарында жарық болмағалы бір аптадан асқан.
“Аудан орталығында да күніне бір мезгіл жарық сөніп тұрады. Себебі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол кезде желі де ұстамай қалады”, – дейді әкімдіктегілер.