Ел Президенті сапалы білім алуда тең мүмкіндіктер жасаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Қостанай облысында бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Білім беру саласының бюджеті 218 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Ол туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысында айтты.
«Мектеп – бұл жай ғана ғимарат емес, ол ауылдың тіршілік орталығы. Оқу орындарының жабылмауы үшін кәсіпкерлер мен жергілікті қауымдастықтардың белсенді қатысуы маңызды. Бірлесе отырып, оқушыларға, мұғалімдерге және болашақ мамандарға қолайлы жағдай жасаймыз. Биыл 5 жаңа мектеп ашамыз, оның 3-еуі ауылдық жерлерде салынып жатыр. Соңғы 2 жылда балабақша кезегі 2 есеге қысқарды. Барлық мектептер сапалы интернетпен және заманауи жабдықтармен қамтылды», – деп атап өтті әкім.
Алдағы уақытта бизнесті тарту арқылы колледждерді жаңғыртып, өнеркәсіп пен АӨК үшін сұранысқа ие мамандар даярланбақ.
«Кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеудің арқасында бірнеше ауыл мектебін сақтап қалдық. Бұл тиімді әріптестіктің және ауылдық жерлерде жайлы өмір сүру жағдайларын жасаудың жарқын үлгісі. 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға, нақты сектор үшін мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлінеді», – деді Құмар Ақсақалов.
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев