Қостанайда жаңа жылдық шамдар жарқырап, қала мерекелік көңіл-күйге бөленді. Шаһар мерекеге орай сәнді безендіріліп, Жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатыр. Бүгін қаланың орталық алаңында басты шыршаның шамы жағылды. Бұл балалар мен тіпті ересектер үшін де қуанышты сәттің бірі болды.
Мерекелік іс-шараға қала әкімі Марат Жүндібаев қатысып, келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Ол қаланың дамуына қосқан үлесі үшін қала тұрғындарына алғысын білдіріп, жаңа жылда барлық отбасыларға бақыт, денсаулық және береке тіледі.“Қостанайлықтар, келе жатқан Жаңа 2025-ші жылмен құттықтаймын. Бүгін біз дәстүр бойынша, қаланың басты шыршасының шамын жағуға жиналдық. Дәл қазір орталықтағы шыршамен бірге, Әуежай, КСК және Юбелейный шағын ауданында орналасқан шырша шамы да жарқырайтын болады. Ертең Қонай шағын ауданындағы шырша шамы жағылады. Бұл мерекелік іс-шаралардың барлығы біздің кішкентай бүлдіршіндерге ұнайды деп сенемін. Орталықта балалар үшін сырғанақтар салынып, түрлі ертегі кейіпкерлері қардан соғылды. Бұл жұмыстарға жергілікті билік қана емес, бизнес өкілдері мен мүлік иелерінің бірлестігі және пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері өз үлестерін қосты. Әлеуметтік сала өкілдері де атсалысты. Жаңа 2025 жылға орай түрлі байқаулар өткізіліп жатыр. Барлығы да балалар үшін. Алдыда жаңа жылдық демалыс келе жатыр. Балалар жақсы демалып, сабаққа тың жаңалықпен, оқуға деген үлкен құлшыныспен баруларына тілкетеспін. Жаңа 2025 жыл құтты болсын. Қаламыз дамып, көркейе берсін”, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар жиынған жұртшылықты мерекемен құттықтап, шырша шамын жақты. Бүлдіршіндер өз өнерлерін көрсетіп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шырша шамы жағылғанда, от шашу атылып қала тіптен жарқырай түсті. Орталық алаңда ән бен би думаны әлі аяқталған жоқ. Қала тұрғындары мен қонақтары шыршаның қасында суретке түсіп жатыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ