Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуына орай өңірде ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шаралар тізбегі басталды. 1 тамызда облыс орталығында еліміздің танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Мерейлі мекенім – Қостанайым» атты үлкен мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында мәлім болды.
Жиында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов мерейтойлық іс-шаралар жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын жеткізді.
– Биыл Қостанай облысының 90 жылдығына орай 17 сәуір мен 12 мамыр аралығында «Өнеріміз саған, Қазақстан» атты халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар байқауы өткізілді. Алдағы уақытта оның қорытындысы шығып, байқаудың үздік өнерпаздарына марапаттар беріледі. Сонымен қатар 30 шілде мен 1 тамыз аралығында облыс аумағында өтетін «Dala Fest» агрофестивалін ескере отырып, мерекелік концертке еліміздің танымал эстрада жұлдыздарын шақыру және бағдарламаны демалыс күні өткізу ұсынылып отыр. Бұл облыс тұрғындары мен қонақтарының кеңінен қатысуына мүмкіндік береді, – деді Құралбек Атамұратов.
Аппарат кеңесінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов 90 жылдық мерейтойдың мән-маңызына ерекше тоқталды.
– Бұл жай ғана мерейтой емес. Бұл – облыстың қалыптасу тарихына көз жүгіртіп, өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетуге және бүгінгі жетістіктерімізді танытуға берілген мүмкіндік. Бастысы тұрғындардың туған өлкеге деген мақтаныш сезімін күшейтіп, тарихи жадымызды сақтап, жастарды елжандылыққа тәрбиелеуіміз керек, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі барлық қала мен аудан әкімдіктеріне мерейтойлық іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Мерейтой жоғары деңгейде өтуі тиіс. Барлық дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда болуы қажет. Мемлекеттік бюджет қаражаты ең алдымен әлеуметтік сала мен әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталуы тиіс. Ал мұндай форумдар мен кездесулер демеушілердің қаржысы есебінен ұйымдастырылуы қажет. Бұл қағида облыстың 90 жылдығына арналған іс-шараларға да қатысты. Сондықтан облыстық бюджеттен қомақты қаражат жұмсамауды тапсырамын, – деді Құмар Ақсақалов.
Қостанай облысының 90 жылдығына арналған мерекелік бағдарлама аясында концерттер, шығармашылық жобалар, көрмелер, тарихи-танымдық және мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. Олар өңірдің бай тарихын, мәдени мұрасын және бүгінгі даму жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталмақ.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
