28 июня, 2025
Облыстағы кәсіподақ ұйымдары съезге дайындықты бастап кетті

Облыстағы кәсіподақ ұйымдары съезге дайындықты бастап кетті

Жуырда  облыстық Кәсіподақтар орталығында үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері бас қосты.

Кеңес жұмысын облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ирина Аронова ашып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі отырысының қорытындыларымен таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде кәсіподақтар ел ішіндегі ғана емес, халықаралық деңгейде де өз беделін арттырып келеді.

– Кәсіподақтар қазір тек еңбек адамын қорғаушы ғана емес, қоғамдағы тұрақтылық пен әлеуметтік әділеттіліктің негізгі тірегіне айналды. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғаса береді, – деді Ирина Аронова.

Кеңес отырысында Астана қаласында өтетін ҚРКФ XXVII съезіне дайындық барысы талқыланды. Сондай-ақ, келесі жылдың қаңтар айына жоспарланған Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) Еуропалық өңірлік кеңесінің жазғы мектебі жайлы да сөз болды. Аталған халықаралық іс-шара да Астанада өтпек.

– Бұл мектеп – әлемнің түкпір-түкпірінен келетін сарапшылар мен ұлттық кәсіподақ көшбасшыларының ашық пікір алмасатын алаңы. Қазіргі таңда 80-нен астам ел қатысатынын растады, – деді Ирина Аронова.

Отырыс барысында Кәсіподақтар федерациясы төрағалығына кандидат ұсыну тәртібі және 2024 жылғы жұмыс қорытындылары жөнінде де мәлімет берілді. Бұл туралы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Әсет Исмагамбетов айтып өтті.

– Жыл басынан бері елімізде 558 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, олардың құрамына 49 807 жаңа мүше қосылды. Бұл – кәсіподақ қозғалысына деген сенімнің нақты көрінісі, – деді ол.

Съезге ақпараттық қолдау көрсету де назардан тыс қалмады. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы PR бөлімінің бас маманы Сәуле Меңдбекқызы Нұрмағамбетова хабарлама жасап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының бағыттарымен бөлісті.

Кеңес соңында қатысушылар кәсіподақтардың алдағы стратегиялық жоспарларын пысықтап, маңызды іс-шараларға нақты міндеттер жүктеді.

Диана Алмасқызы,

ҚӨУ студенті