10 июля, 2025
Облыста «Жасыл Ел» бағдарламасымен екі мыңға жуық жас жұмысқа орналасады

Облыста «Жасыл Ел» бағдарламасымен екі мыңға жуық жас жұмысқа орналасады

«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл басқосу жастар саясатының өзекті мәселелерін талқылап, оны іске асыру тетіктерін жетілдіруге арналды.

Жергілікті атқарушы билік жыл сайын жазғы кезеңде жастарды жұмыспен қамтуды ұйымдастырып келеді. Соңғы бес жылда «Жасыл Ел» жобасы шеңберінде 8 мыңнан астам жас жұмысқа тұрған.

            «Осы жылы облыс бойынша жастар еңбек жасақтарын ұйымдастыруға 257 315,4 мың теңге бөлінді. Маусым бойы 1 800-ге жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта қалалар мен аудандардың әкімдіктері жастар арасында БАҚ, әлеуметтік желілер, оқу орындарында ақпарат тарату арқылы жастар еңбек жасақтарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы ақпараттық жұмыс жүргізді. Тұрақты негізде жұмыс істегісі келетін жастардан өтінімдер қабылданады», – деді облыс әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы басшысының  міндетін атқарушы Динара Қарымсақова.

Маусым айының бірінен бастап 689 адам жұмысқа кірген. Олардың орташа жалақысы 106,9 мың теңге. Маусымнан қыркүйекке дейін жұмыс істейтін болады. Сондықтан жұмысқа орналасқысы келетін жастар жергілікті жастар ресурстық орталығына жүгіне алады.

            «Жастар еңбек жасақтарына қатысу үшін 14 пен 35 жас аралығындағы үміткерлер немесе олардың заңды өкілдері (кәмелетке толмағандар үшін) Жастар ресурстық орталықтарына жүгініп, өтініш беруі керек. Жастар еңбек жасақтары кәмелетке толмағандар мен кәмелетке толған азаматтарды бөле отырып, бір жас қағидаты бойынша жинақталады. «Жасыл ел» табыс табу мүмкіндігінен басқа, жастардың экологиялық ойлауын, дербестікке ұмтылуын, еңбекқорлығын қалыптастырады, сондай-ақ жастардың әлеуметтенуіне және өзін-өзі жүзеге асыруына ықпал етеді. Сонымен қатар, өткен маусымнан бастап жастар еңбек жасақтарының жауынгерлері экологиялық квесттерге, ойындарға, «Таза Қазақстан» шеңберіндегі акцияларға белсенді қатысады, бұл еңбек күндерін одан да қызықты етеді», – деді Динара Қарымсақова.

«Жасыл ел» бағдарламасы жастарды абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық пайдалы жұмыстарға тарту арқылы жүзеге асырылады. Жоба жастарға уақытша жұмыспен қамту мүмкіндігін ұсынып қана қоймай, азаматтық жауапкершілік пен еңбек тәртібін қалыптастыруға көмектеседі.

            «Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің белсенді және қауіпсіз уақыт өткізуіне жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Мектеп жанындағы аула клубтарының дамуы, әсіресе ауылдық елді мекендерде, балалар мен жасөспірімдерді қызықты бос уақыт, спорттық және білім беру бағдарламаларымен қамтуды көздейді», – деді Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Отырыстың қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар берілді. олар Қоғамдық даму басқармасы КОФ МК «Жастар Рухы»-мен бірлесіп, жобаны мемлекеттік сатып алулар порталында жүзеге асыру тетіктері мен ұсыныстарын әзірлесін және оларды Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына жолдау туралы.

«Бұл – «Жасыл ел» жобасының тұрақты және жүйелі жұмысын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылады. Өңірлік деңгейде «Жасыл ел» жобасының техникалық сипаттамаларын әзірлеу тәсілін қайта қарау ұсынылады. Жұмыстар сапасын сақтау және бюджеттің тиімсіз жұмсалуын болдырмау мақсатында техникалық сипаттамаларға жобаға тартылатын жастардың (18 жасқа дейінгі және 18 жастан асқан) нақты санын енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет», — деді Қостанай облысы филиалының «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ төрайымы Аружан Сәрсенбаева.

Жастар еңбек жасақтарының мүшелерін ынталандыру мақсатында сыйақы, марапат немесе түрлі іс-шаралар түрінде мотивация ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру қажеттігі де айтылды.

Сералы МЫРЗАБАЙ