Облыста төрт жүзден астам жастарға көтермеақы төленді

Облыста төрт жүзден астам жастарға көтермеақы төленді

Өткен жылдың 1 наурызынан бастап “Мемлекеттік жастар саясаты туралы” жаңа Заң күшіне енді. Соған сәйкес  35 жасқа дейінгі азаматтар жастар қатарына жатқызылды. Тағы бір өзгеріс, 2023-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес жұмыспен қамту, тұрғын үй, қолжетімді білім, жастардың бастамаларын қолдау, азаматтық белсенділік және дарынды жастармен жұмыстары қолға алынбақ.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаевтың айтуынша, биылдан  бастап жергілікті бюджет есебінен жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің жалақысын 50%-ке өсті. Айта кету керек, ЖРО қызметкерлерінің жалақысы осы уақытқа дейін республика бойынша тек төрт  өңірде ғана  көтерілген.

“Сондай-ақ, жастардың баспана мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр. Көп жыл бойы облыста жастарды баспанамен қамту бағдарламасы болмаған. Алғаш рет 2022 жылы “Қостанай жастары”  өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Осы  бағдарламаның арқасында 116 жас отбасы баспаналы болды. Елімізде  жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің өңірлік бағдарламалары тек сегіз өңірде ғана жүзеге асырылған. “Қостанай жастары” бағдарламасын іске асыру 2024 жылы да жалғасады”, –  деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев.

Басқарма басшысының айтуынша, бастамашыл жастарға жоғары қолдау көрсетілгенімен, олардың  бос уақытын өткізу орталықтарын ұйымдастыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл мәселе өңірлер үшін де  өте өзекті. Қазіргі уақытта қоғамдық даму басқармасы осы  мәселе бойынша А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен креатив-хаб ашу мәселесін пысықтап жатыр. Бірақ, жастарға өз іс-шараларын өткізетін  орталық қажет. Концерт залы  жоқ. Бұл шығармашылық жастардың дайындықтары  мен фестивальдерін, КВН және басқа да іс-шараларды өткізуді қиындата түскен.

“Бүгінде тек Рудный қаласы мен Жанкелдин, Сарыкөл аудандарында ғана жастар ресурстық орталығының жеке ғимараты бар. Жастар ресурстық орталықтарының көпшілігі мәдениет үйлері, кітапханалар, спорт сарайлары сияқты мемлекеттік органдардың ғимараттарында орналасқан. Сондықтан, сізден жастар орталығына жеке ғимарат бөлуге көмектесуіңізді сұраймын”, –деді басқарма басшысы.

Мемлекет басшысы жақында сөйлеген сөзінде ел жастарына ерекше назар аударды. Ол әділ мемлекет құруда жастарға үлкен үміт артатындығын атап өтті. Мемлекет әрдайым белсенді адал және ашық жастарды қолдайды. Бүгінде таңда жастар біздің облыс халқының үштен біріне тең.  Іске асып жатқан жастар саясатының негізгі мақсаты-жастарды толыққанды және жан-жақты дамыту.

“Біздің міндетіміз – жастарды жұмысқа орналастыру, қолжетімді баспанамен қамту, сапалы білім беру. Соған жағдай жасауымыз керек.  Бүгінде облыс экономикасында 130 мың жас еңбек етіп жүр.  Өткен жылы әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, кәсіби оқыту, “Бастау-бизнес” курсында оқытумен 14 мың азамат қамтылды.  Шағын кәсіпкерлікпен айналысу үшін гранттар берілді. Былтырдан бастап мемлекет басшысының тапсырмасымен жастарға 2,5%-пен жеңілдетілген несие беріле бастады. Бұл бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетті.  Біздің облыста екі жүзден астам адам 900 млн теңге шамасында  несие алды. Биыл қаржы көлемі ұлғайтылып отыр.  Мұның сыртында “Дипломмен-ауылға!” бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр. Өткен жылы бағдарлама шеңберінде 430 жас азаматқа көтермеақы  төленді. Сондай-ақ, үй алуға 174 жас маманға несие берілді.  Жастар саясатының ең бір басым бағыттарының бірі – кадрлар дайындау мәселесі өңірде оңтайлы шешімін тапқан. Бүгінде қырық мыңнан астам студент облыстағы жоғарғы оқу орындарында білім алады.  Біздің облыста көптеген инвестициялық жоба жүзеге асады. Зауыт-фабрикалар салынбақ. Соған білікті мамандар даярлау мақсатында еңбек ресурстарын қамтамасыз етуіміз керек”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу