Арқалық, Жітіқарадағы ауруханалар жаңа кейіпке енбек

Арқалық, Жітіқарадағы ауруханалар жаңа кейіпке енбек

Облыста  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 3 міндетті қамтитын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2025 жылға дейін Қостанай облысында 25 амбулаториялық-емханалық нысанның құрылысы жоспарланған. Былтыр осы жоспарланған 6 нысанның 4-інің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген. Ал қалған екі нысанның жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев брифингте кеңінен айтып берді.

«Бағдарламының екінші бағыты бойынша екі медициналық ұйым қайта жаңармақ. Арқалықтағы және Жітіқарадағы ауруханалар қажетті медициналық техникамен (МРТ, ангиограф) жабдықталды. Сонымен қатар, жоба аясында Арқалық өңірлік ауруханасы перзентханасының ғимаратын күрделі жөндеу бойынша 3 жылдық жобаны іске асыру басталды. Жобаның жалпы құны 1 191,5 млн теңге. Екінші нысан – Жітіқара аудандық ауруханасы. Ол көпбейінді болғандықтан шұғыл және жоспарлы стационарлық медициналық көмек көрсетеді», – дейді басқарма басшысы.

Ауылдарға медицина кадрлары қай уақытта болмасын керек. Келемін деген дәрігерлерге әлеуметтік қолдау бар. Облыстық бюджет қаражаты есебінен қалалық жерлерге – 3,5 млн теңге, ауылдық жерлерге барғандарға 7 жыл жұмыс істеу міндеттеліп, 5 млн теңге көлемінде көтерме ақы төлеу қарастырылған.  Ведомстволық тұрғын үй беріліп, қосымша ресурстық орталықтың әлеуметтік бағдарламалары да пайдаланылады.

«Ұлттық жоба аясында Қостанай ауданының Октябрь кентіне жас отбасы келген болатын. Олар өз міндеттеріне кірісіп те кетті. Ерлі-зайыптылар жалпы тәжірибелі дәрігерлер. Бұл отбасыға 5 млн теңге көтерме қаражат түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілді, ведомстволық тұрғын үй берілді, «Оңтүстіктен солтүстікке» бағдарламасы бойынша шамамен 2 млн теңге төленді», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу