Облыста қос азаматтығы бар әйел анықталды

Облыста қос азаматтығы бар әйел анықталды

 

 

Енді оған 5 жыл ішінде ел аумағына кіруге тыйым салынды.

Ұзынкөл ауданында көші-қон қызметінің қызметкерлері ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, 24 жастағы Қазақстан азаматының қос азаматтығы барын анықтады.

Шекарадан өту кезінде, мемлекеттік өткізу пунктіндегі тексеру барысында ол 2024 жылдың шілдесінде Ресей Федерациясының азаматтығын алғаны анықталды, бірақ бұл туралы мүдделі мемлекеттік органдарға белгіленген мерзімде – 30 күн ішінде хабарламаған.

“Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 5 жыл мерзімге Қазақстан Республикасына кіруге тыйым сала отырып, елден шығару түріндегі жаза тағайындады. Қос азаматтық жағдайларының алдын алу және анықтау үшін Қостанай облысының көші-қон қызметі түрлі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды. Қазақстанда және басқа елде бір мезгілде зейнетақы төлемдерін алатын адамдарды анықтау үшін зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтармен де жұмыс жүргізілуде”, – облыстық полиция департаментінен.

Бұдан басқа, азаматтық саласындағы заңнаманың бұзылуы көші-қон қызметінің мамандары күн сайын жүргізетін жүйелі есепке алу арқылы анықталады.

Айта кетейік, жыл басынан бері ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарды пайдаланғаны үшін, сондай-ақ шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін 40-тан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адамның Қазақстан Республикасы азаматының паспортын және (немесе) жеке куәлігін пайдаланғаны үшін 100 АЕК (369200 теңге) мөлшерінде айыппұл көзделген.

Ал ҚР заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламағаны үшін – 200 АЕК (738400 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе елден тысқары жерге әкімшілік шығарып жіберу көзделген.

Жаңалықтармен бөлісу