Облыста кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?

Облыста кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?

Бұл туралы Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті облыстық департаментінің басшысы Әлия Мекебаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау, мүгедектікті белгілеу және халықты зейнетақымен қамсыздандыру бағытындағы жұмыстар жайлы баяндады.

«Біздің ортақ міндетіміз – облыстың барлық тұрғындары үшін қолжетімді әрі жайлы орта қалыптастыру. Мемлекет әлеуметтік қолдауға шын мәнінде мұқтаж азаматтардың мүддесін қорғауды жалғастырды», – деді Әлия Мекебаева.

Департамент басшысының мәліметінше, өңірде 30 мыңға жуық мүгедектікті бар адам тұрады. Оның  4 мыңнан астамы балалар. Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін нысандардың қолжетімділігіне қатысты отыздан астам тексеру жұмыстары жүргізіліп, жүзге жуық заңбұзушылық анықталған.

Сырттай проактивті куәландыруды дамыту, әлеуметтік қызметтерді цифрландыру және 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары жалғасуда.

Министрлік енгізіп отырған жаңа әдістеме зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеуге қатысты. Жаңа модель актулдық тәсілге негізделіп, азаматтардың өмір сүру ұзақтығы мен нақты экономикалық жағдайларды ескереді.

Тағы бір ескерерлік жәй, зейнетақы шотынан қаражатты мерзімінен бұрын алу болашақтағы төлем мөлшерін айтарлықтай азайтуы мүмкін.

Республикалық деңгейде медициналық құжаттарға жүргізілген талдау нәтижесінде 167 күмәнді жағдай анықталған. Бұл деректер құжаттарды қолдан жасау арқылы заңсыз мүгедектік рәсімдеу әрекеттерін көрсетуі мүмкін. Барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Бұрын-соңды Қостанай облысында мұндай фактілер тіркелмеген.

Осы жылдың сәуір айынан бастап техникалық оңалту құралдарын қамтамасыз ету тәртібі цифрландырылды. Енді баға электронды сауда деректері негізінде қалыптасады. Бұрынғыдай бірнеше есе артық бағалау деген болмайды. Мамандар үнемделген қаражатты жоғары технологиялы оңалту құралдарын сатып алуға бағыттап отыр.

Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында техникалық оңалту құралдарын уақытша пайдалануға беру бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл механизм құралдарды тиімді пайдаланып, қайта айналымға енгізуге мүмкіндік береді.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс саласындағы жаңа талаптарға сәйкес, нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділігіне қорытынды беру функциясы жергілікті департаменттерге жүктеледі. Құжатта әрбір құрылыс объектісінің қолжетімділік талаптарына сәйкестігі бекітіледі. Бұл талаптарды бұзу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеледі.

«Жаңа жүйе тек бақылауды күшейтіп қана қоймай, құрылыс сапасын арттыруға және барлық азаматтар үшін қауіпсіз әрі қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған», – деді Әлия Мекебаева.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ