Облыс аумағында эпизоотиялық жағдай тұрақты деңгейде сақталып отыр. Аймақта жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу мақсатында ветеринариялық қызметтер тарапынан кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Бекітілген ветеринариялық іс-шаралар жоспары аясында биыл облыста шамамен 6,8 миллионнан астам ветеринариялық манипуляция жүргізу көзделген.
Оның миллионнан астамы диагностикалық зерттеулерге, 5,7 миллионнан астамы профилактикалық шараларға тиесілі.
Бұл жұмыстар мал мен құс арасында түрлі жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуға бағытталған.
«Құстардың жоғары патогенді тұмауына қарсы профилактикалық шараларға да ерекше көңіл бөлінуде. Жоспарға сәйкес 783 100 бас құсқа вакцинация және ревакцинация жүргізу қарастырылған. Бұл жұмыстар екі кезеңде – көктемде (наурыз–мамыр) және күзде (тамыз–қараша) жүзеге асырылады. Сондай-ақ, жануарларды аса қауіпті ауруларға қарсы иммундау жұмыстары да жоспарланған. Атап айтқанда, биыл құтыру ауруына қарсы – 755 746 бас, сібір жарасына қарсы – 1 261 761 бас, ал аусылға қарсы – 1 948 210 бас малды вакцинациялау көзделіп отыр», – дейді облыстық ветеринария басқармасы Ветеринариялық іс-шараларды талдау, болжау және есепке алу бөлімінің басшысы Азамат Әбітжанов.
Жануарлар арасында кең таралуы мүмкін аурулардың бірі – бруцеллезге қарсы да жүйелі бақылау жүргізілуде. Осы мақсатта ірі қара малдан – 458 158 бас, ұсақ малдан – 566 031 бас бойынша диагностикалық зерттеулер өткізу жоспарланған.
«Жыл басынан бері ветеринариялық дәрігерлер сібір жарасы, құтыру және аусыл ауруларына қарсы профилактикалық вакцинация жүргізіп келеді. Сонымен қатар бруцеллез ауруын анықтау үшін жануарлардан қан сынамаларын алу жұмыстары ұйымдастырылған. Вакцинация жұмыстарының барысы тұрақты түрде бақылауда. Әр апта сайын атқарылған жұмыстар бойынша фото және бейнематериалдармен есептік ақпарат дайындалып отырады», – дейді Азамат Әбітжанов.
Жалпы, өңірдегі ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік мәселелері жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.
Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар облыстағы эпизоотиялық ахуалды тұрақты деңгейде сақтауға мүмкіндік бермек.
Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ,
ҚӨУ студентті
