Облыста екі жылда он балабақша ашылды

Облыста екі жылда он балабақша ашылды

Өңірде соңғы екі жылда 1717 орындық он жаңа балабақша және қосымша топтар ашылған.

Тәрбие мекемелері Қостанай, Рудный, Арқалық, Тобыл қалалары мен Әулиекөл, Қостанай, Жангелдин аудандарында бой көтерді. Осы және әлеуметтік салалардағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов өңірлік коммуникация орталығында баяндады.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында жан басына шаққандағы қаржыландыруға ерекше назар аударды. Бұл адами факторды қоспағанда, ваучерді берудегі кезектілікті азайтуға және ашықтыққа бағытталған. Егер Қостанай қаласында осыы жылдың 30 сәуірінде 3 мыңнан астам бала кезекте тұрса, 1 қыркүйектегі саны – 377», – деді Б.Нарымбетов.

Облысымызда 4860 орынға арналған 7 жаңа мектеп пайдалануға беріліп отыр. Мектептер толығымен заманауи стандарттар мен талаптарға сай, оның 5-і «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында ашылған.

«Осы аптада «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында 300 орындық және ERG компаниясының қолдауымен Рудный қаласында 1200 орындық жаңа мектеп ашылды. Олар заманауи жабдықтармен, зертханалармен және пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін тағы 4 мектеп пайдалануға беріледі. Биыл 10 білім нысанын күрделі жөндеуге 4,3 млрд тенге, 108 нысанға ағымдағы жөндеуге 2,1 млрд тенге бағытталды», – деді аймақ басшысының орынбасары.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ