Облыста 115 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді

Облыста 115 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді

Осы жылдың өткен кезеңінде Қостанай облысында 115 527 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті хабарлады. Көрсеткіш бойынша өңір республикада 14-орында тұр.

Мамандардың айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылықтарды есепке алу Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі (ӘАБТ) арқылы жүргізіледі. Бұл жүйеде құқық бұзушылықтар, оларды жасаған тұлғалар, қабылданған шешімдер туралы мәліметтер сақталып, әкімшілік істер электронды форматта рәсімделеді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, әкімшілік істердің басым бөлігі Полиция департаментінде тіркелген. Атап айтқанда, 109 688 іс немесе жалпы көрсеткіштің 94 пайызы осы ведомствоға тиесілі. Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер департаментінде 3 199 іс (2%), жергілікті атқарушы органдарда 515 іс (0,4%) тіркелген.

            «Әдеттегідей, құқық бұзушылықтардың негізгі үлесін көлік және жол шаруашылығы саласындағы заң бұзушылықтар құрап отыр. Бұл бағытта 75 039 дерек анықталып, жалпы құқық бұзушылықтардың 64 пайызын құраған. Әкімшілік құқық бұзушылықтар арасында ең жиі тіркелген баптардың бірі – ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы, яғни белгіленген қозғалыс жылдамдығын асыру фактілері. Осы бап бойынша 24 529 құқық бұзушылық тіркелген. Сондай-ақ, көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша (590-бап) 7 209 дерек анықталса, Қазақстан Республикасында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұруға қатысты (492-бап) 6 994 жағдай тіркелген», – дейді ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Мирас Беркенов.

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, әсіресе жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды күшейту маңызды. Бұл өз кезегінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың санын азайтуға ықпал етеді.

Сералы МЫРЗАБАЙ