Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен АҚШ-тың Миннесота университетінің «Computer Science» қос дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттерімен кездесті.
Бұл іс-шара – өңір басшылығының жастарды қолдап, IT саласын дамытуға басымдық беріп отырғанының айқын дәлелі болды.
Соңғы жылдары IT мамандарына деген сұраныс мемлекеттік қызметтен бастап, өнеркәсіп пен білім беру саласына дейін артып келеді.
Кездесу барысында облыс басшысы тәуелсіз Қазақстанда өскен жас мамандардың өңір мен еліміздің дамуы үшін қажетті әлеуеті мен жігері мол екенін атап өтті.
“Мемлекет басшысы жастардың шетелге кетуінің алдын алып, олардың Қазақстанда сапалы білім алуына жағдай жасауды тапсырды. Бұл қаржылық жүктемені азайтып қана қоймай, болашағымыздың негізі – дарынды жастарды елімізде сақтауға мүмкіндік береді. Костанай облысы бұл міндетті іске асырып, АҚШ-тың жетекші университеттерінің бірінің дипломын туған өңірден шықпай-ақ алуға жол ашты”, – деді облыс әкімі.
Жиында Миннесота университетімен қос дипломдық бағдарлама арқылы халықаралық тәжірибе мен білім алудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Бұл кездесу – жас мамандар үшін Қостанай өңірінің дамуына өз үлесін қосуға берілген шынайы мүмкіндік екенін көрсетіп берді. Жастар көкейлеріндегі сауалдарын жолдады.
Құмар Ақсақалов қазіргі заман жастардың өршіл мақсаттардан қорықпай, өз идеяларын батыл жүзеге асыратын кезең екенін қадап айтты.
“Өңір үш негізгі бағытта дамуда. Машина жасауда автозауыттар, оның ішінде KIA, локализациялық орталықтардың, қара металлургия бағытында «Камлит» зауыты, Рудный қаласындағы ыстық брикеттелген темір зауытының құрылысы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде дәнді дақылдарды терең өңдеу зауыты қарқын алғалы тұр. Бұл өндірістердің барлығы жоғары технологиялық және бағдарламалық қамтамасыз ету, автоматтандыру, цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды қажет етеді. Қос дипломдық бағдарламаның түлектері өңірдің жаңа кәсіпорындарында жоғары жалақысы бар лауазымдарға ие бола алады”, – деді әкім.
Бас қосуда бұл қадам экономикамызды дамытып, жастарды қолдауды жалғасатыны, олардың кәсіби өсуіне жаңа мүмкіндікке жол ашатыны сөз болды.
Суретке түсірген Бердіболат Көркембаев