Грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі спортшылар (U23) арасында Тараз қаласында (9-18 наурыз аралығы) өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Қостанай облысының құрамасы жалпыкомандалық есепте І орынды иеленіп, өңір тарихында алғаш рет осындай жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл – облыс спорты үшін маңызды әрі тарихи жетістік.
Аталған табыс – ең алдымен, Қостанай облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының жүйелі әрі нәтижелі жұмысының жемісі.
«Федерация президенті Ережепов Мақсат Аршабайұлы 2024 жылдың желтоқсан айында қызметке кіріскеннен бері өңірде күрес спортын дамытуға, спортшылардың дайындығын жаңа деңгейге көтеруге және жаттықтырушылар құрамының жұмысын жетілдіруге бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Сонымен қатар, облыс құрамасының табысты өнер көрсетуіне жаттықтырушылар штабының еңбегі зор. Команданы дайындауда Қостанай облысының аға жаттықтырушысы — Талғат Жиентаев бастаған бапкерлер құрамының кәсіби және жүйелі жұмысы айрықша рөл атқарды. Соңғы уақытта федерация тарапынан спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде», – дейді бұл туралы федерация өкілі Әсел Ерменбаева.
Федерация тарихында алғаш рет грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша барлық спортшылар мен жаттықтырушылар толықтай сапалы спорттық киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, испандық Kelme брендінің заманауи спорттық экипировкасы табысталды.
Бұдан бөлек, спортшылардың денсаулығына да айрықша мән беріліп, тұрақты түрде дәрумендендіру, медициналық бақылау және қалпына келтіру шаралары ұйымдастырылып келеді.
Осындай кешенді әрі жүйелі жұмыстың нәтижесінде Қостанай облысының балуандары ел чемпионатында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Бұл жеңіс — спортшылардың табанды еңбегінің, жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігінің және федерация басшылығының жан-жақты қолдауының нәтижесі.
Қостанай облысының күрес мектебі алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жетіп, ел намысын абыроймен қорғауға ұмтылады.
Дина ДӘУЛЕТКЕЛДІ,
ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенті
