Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Ұзынкөл ауданында болып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты.
Сапар Миролюбов ауылынан басталды. Облыс басшысы алдымен «Восход» өндірістік кооперативі жүзеге асырып жатқан демалыс саябағының құрылыс барысын көрді. Демалыс саябағының құрылысы 2026 жылдың мамыр айында басталды. Жобаның жалпы құны – 60 млн теңге. Саябақтың жалпы аумағы – 15 000 шаршы метр.

Жоба шеңберінде волейбол, баскетбол, шағын футбол мен балалар ойын алаңы салынады. Серуендеу жолақтары мен демалыс аймақтары салынуда. Жоба ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және елді мекеннің көркін арттыруға бағытталған.

«Өзім ауыл шаруашылығымен айналысамын. Дәнді-бұршақты және майлы дақылдар өсіреміз. Осы жерде дүниеге келгенбіз. Менің атам да, арғы атам да осы жерде тұрған. Бірнеше ұрпақтан бері осы өңірдеміз. Елді мекеннің дамуына қолымыздан келгенше үлес қосып жатырмыз. Бұл жердің бес жылдық даму жоспарын әзірледік. Толыққанды, ауқымды даму жоспары. Оған қомақты инвестиция салынбақ. Алдағы уақытта үлкен өзгерістер болады. Барлық бағытты қарқынды дамытамыз. Яғни, әлеуметтік те, өндірістік те нысандар салынады. Өңдеу өндірісін дамытамыз. Өте ауқымды жоба жоспарланып отыр. Оны жүзеге асыру үшін үлкен көлемде қаржыландыру көздерін іздеп жатырмыз. Мысалы, шамамен 800 шаршы метр болатын кешен салынбақ. Онда асхана, наубайхана, түрлі демалыс және ойын-сауық орындары, бильярд пен үстел теннисі орналасады. Мектеп мемлекеттік қамтамасыз ету аясында жұмыс істейді. Біз тек қосымша көмек көрсетеміз», – дейді «Восход» өндірістік кооперативінің төрағасы Сергей Королёв.
Өңір басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасының да мәні осында екенін жеткізді.

Яғни, қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендерді абаттандыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс.
«Бағдарлама жүзеге асырылған уақыттан бері облыста 400-ден астам қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 250-ден астам балалар және спорт алаңы орнатылды. Сонымен қатар 600-ге жуық рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылып, 1250-ден астам ескі және қараусыз қалған ғимарат сүрілді. Облыс аумағында 277 мыңнан астам ағаш пен көшет отырғызылды. Биыл облыстың елді мекендерінде 77,3 мың көшет отырғызу жоспарланған. Көктемгі көгалдандыру жұмыстары барысында 46 мыңнан астам ағаш және 6 200 бұта отырғызылды. Сондай-ақ 74 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу, 79 балалар алаңын орнату және 422-ден астам ескі әрі апатты тұрғын үйді бұзу көзделген. Біздің мақсатымыз – коммуналдық инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктерді жақсарту арқылы барлық елді мекендерде тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру», – деді Құмар Ақсақалов.
Бүгінде бұрын бос жатқан аумақтар тұрғындардың демалыс және серуендеу орындарына айналуда. Осыған байланысты 2024 жылы шағын саябақтар мен скверлер салу жөнінде өңір басшысы тапсырма берген болатын.

Соңғы екі жылда халықтың серуендеуі мен тынығуына арналған 88 жаңа демалыс орны жабдықталды.
«Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін туған ауылдарын дамытуға және халықтың өмір сапасын арттыруға үлес қосуға шақырып келеді. Осы орайда әлеуметтік жауапкершілік аясында «Восход» өндірістік кооперативі Миролюбов ауылында өз қаражаты есебінен аумағы 1,5 гектар болатын жаңа саябақ аймағын салуда. Өткен жылы мұнда шағын футбол алаңы салынды. Қазіргі уақытта волейбол және баскетбол алаңдарының құрылысы жүргізіліп, серуендеу жолдары, демалыс аймақтары мен балалар ойын алаңы жабдықталуда. Саябақ аумағына қазірдің өзінде 40-қа жуық көшет отырғызылды. Бұл экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, аумақтың заманауи әрі көрікті келбет қалыптастыруына мүмкіндік береді. Нысан 2027 жылы толық пайдалануға берілмек», – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, жергілікті халық өзекті мәселелер мен ұсыныстарын тыңдады.
Дала төсіндегі табысты тірлік
Одан кейін облыс әкімі Ершов ауылына барып, «Ершовское» ЖШС-нің өндірістік алқаптарымен танысты. Шаруашылықтың негізгі бағыты – өсімдік шаруашылығы. Жалпы ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі 11 мың 372 гектар. Оның ішінде 10 мың 877 гектары – егістік жер, 632 гектары – жайылым.

«Биылғы егіс алқабының көлемі 8 мың 830 гектар. Оның ішінде 8 мың 280 гектарға бидай, 210 гектарға арпа, 170 гектарға сұлы егілді. Серіктестікте тұрақты түрде 80 адам еңбек етеді. Орташа айлық жалақы мөлшері 253 мың теңге. Өндірістік инфрақұрылым толық қалыптасқан. Шаруашылықта бір машина-трактор шеберханасы, бір мұнай базасы, екі механикаландырылған астық тазалау кешені және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған тоғыз қойма жұмыс істейді. Техника паркі де жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда шаруашылықта 12 жүк автокөлігі, 17 трактор және 13 астық жинайтын комбайн бар. Қазіргі уақытта өздеріңіз көріп тұрған №46 егіс алқабының көлемі 300 гектар. Бұл алқапқа ағымдағы жылдың 23 мамырында «Таймас» сұрыпты бидай себілді. Егістікке гектарына 70 килограмм мөлшерінде аммиак селитрасы енгізілді. Біздің басты мақсатымыз – заманауи агротехнологияларды пайдалана отырып, өнімділікті арттыру, еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және ауылдың тұрақты дамуына үлес қосу», – деді «Ершовское-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Олжас Ағайдаров.
Сондай-ақ серіктестіктің өз қаржысына салынып жатқан салынып жатқан спорт залдың құрылыс барысы қаралды.

Нысан ангар үлгісінде салынуда. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаның құны 110 миллион теңге.
«Нысанның жалпы ауданы 420 шаршы метр. Ангар үлгісіндегі спорт залы әмбебап ойын алаңымен жабдықталады. Мұнда футбол, баскетбол және волейбол спорт түрлерімен айналысуға болады. Спорт нысаны бір мезетте 100 адамға дейін қабылдай алады. Жоба ауылдағы спорт инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың бұқаралық спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасауға және түрлі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді», – деді Олжас Ағайдаров.
Өңір басшысы соңғы үш жылда облыста 30-дан астам спорт нысаны салынғанын атап өттіды. Солардың қатарында ауқымды жаңғыртудан өткен бұрынғы «Еңбек резервтері» спорт сарайы бар.
«Тұрғын үй алаптары мен саябақтарда 80-нен астам спорт алаңы пайдалануға берілді. Соның арқасында тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалып, бұқаралық спорттың қолжетімділігі артты. Қазіргі уақытта өңірде тағы жеті ірі спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Триатлон саябағы ауданында Үстел теннисі орталығы мен көпфункционалды стадион, сондай-ақ еліміздегі ең ірі жабық «Осьминог» аквапаркі салынуда. Алдағы уақытта Қостанай қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен «Астана» шағын ауданында жаңа Спорт сарайының құрылысы басталады. Сонымен қатар Арқалық қаласында жабық хоккей корты және «Самұрық-Қазына» қорының қаржысы есебінен көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. Бұл нысандардың барлығы тек спорттық инфрақұрылым ғана емес, жастар мен жергілікті тұрғындардың бас қосып, уақытын тиімді өткізетін тартымды орталықтарына айналмақ. Осындай маңызды жобалардың бірі Ұзынкөл ауданының Ершов ауылында жүзеге асырылуда. Мұнда құны 110 миллион теңге болатын ангар үлгісіндегі спорт залының құрылысы жүргізілуде. Жоба «Ершовское-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншікті қаражаты есебінен іске асырылуда. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің және ауданның спорт инфрақұрылымын дамытуға қосқан нақты үлесінің жарқын көрінісі», – деді Құмар Ақсақалов.
Сапар барысында «Жалғызкөл» демалыс аймағының құрылысы да таныстырылды.

Бұл жоба ауыл тұрғындары мен қонақтарының демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Нысан өңірдегі туризмді дамытуға да серпін бермек.
«Демалыс аймағын абаттандыру жұмыстары 2025 жылғы мамыр айының соңында басталды. Жобаға 50 млн теңге бөлінді. Демалыс аймағының жалпы көлемі – 1 500 шаршы метр. Саябақ аумағына 1 500 шаршы метр көлемінде брусчатка төсеу көзделіп отыр. Орындық пен қоқыс жәшіктері орнатылады. Жарық шамдары болады. Ұзындығы 20 метр жаяу жүргіншілер көпірі салынады», – дейді «Иржанов А» шаруа қожалығының басшысы Ахметқан Иржанов.
Құмар Ақсақалов бұл істі қоршаған ортаға деген күнделікті қамқорлықтың және жүйелі жұмыстың нақты көрінісі деп бағалады.
«Біз барлық елді мекендерде коммуналдық инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктерді жақсарту арқылы тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға күш салып келеміз. 2024 жылы бос жатқан және қараусыз қалған аумақтарда шағын саябақтар мен скверлер салу жөнінде тапсырма берілген болатын. Бүгінде мұндай аумақтар тұрғындардың демалыс және серуендеу орындарына айналып келеді. Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін туған ауылдарын дамытуға белсенді қатысып, халықтың өмір сапасын жақсартуға өз үлестерін қосуға шақырып келеді. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі – Ершов ауылындағы «Жалғызкөл» демалыс аймағы. Әлеуметтік жауапкершілік аясында «Иржанов А» шаруа қожалығы көл жағалауында өз қаражаты есебінен жаңа демалыс аймағын қалыптастыруда. Жобаның инвестициялық көлемі 50 миллион теңге. Демалыс аймағының жалпы аумағы – 1,5 гектар. Қазіргі уақытта тұрғындардың су жағасында тынығуына арналған пирс салынған. Сонымен қатар аумақты кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жаяу серуендеуге арналған аймақтар жасақталып, ұзындығы 20 метр болатын жаяу жүргіншілер көпірі салынып, заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастырылуда. Президентіміз айтқандай: «қоршаған ортаның тазалығына қамқорлық әрбір адам үшін күнделікті әдетке айналуы тиіс». «Таза Қазақстан» – бір күндік немесе бір айлық науқан емес, жыл бойы тұрақты түрде жүргізілетін жұмыс», – деді өңір басшысы.
Үлгілі отбасы
Облыс әкімі демалыс аймағын қарап болған соң Ершов ауылындағы «Таза Қазақстан» бағдарламасының белсенді қатысушылары Горбатенковтар отбасына арнайы барып, олардың қоғамдық жұмыстарға қосып жүрген үлесін жоғары бағалады.

Отбасы ауылдың тазалығы мен көркеюіне бағытталған шараларға тұрақты түрде қатысып келеді.
«Мен «Таза Қазақстан» бағдарламасына отбасыммен бірге белсенді қатысамын. Әкем екеуміз ауладағы төсеніш тастарды төсеп, самалжай жасауға көмектестім. Үй ауласын абаттандыру жұмыстарының көбі өз қолымызбен жасалды. Мен үнемі шөп шауып, анама гүлдер мен көшеттерді суаруға қолғабыс етемін. Биыл да жаңа көшеттер отырғыздық. Біздің отбасымыз үлкен, сондықтан бәріміз жиналатын әдемі демалыс орнын жасауға тырысамыз. Кешкі уақытта самауыр қойып, туыстарымызбен бірге шай ішеміз. Ата-анам бізді еңбекқорлыққа және табиғатты аялауға баулиды. Сондықтан ауламыздың таза әрі көрікті болуына өз үлесімді қосып келемін. Жақында Қостанай қаласында өткен экологиялық лагерьге қатыстым. Лагерь маған қатты ұнады. Онда қоршаған ортаны қорғау, табиғатты сақтау туралы көптеген пайдалы ақпарат алдым. Жаңа достар тауып, жақсы әсермен оралдым. Тек лагерьдің үш күн ғана болғаны аздау көрінді. Ұзағырақ болса, одан да қызықты болар еді. Менің ойымша, әр адам өз үйінің ауласынан бастап тазалықты сақтаса, ауылымыз да, еліміз де көркейе түседі», – дейді Артем Горбатенков.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов отбасының ауласын аралау барысында олардың еңбегіне жоғары баға берді.
«Осындай үйлерге келіп, балалармен сөйлескен сайын жақсы әсер алып қайтамын. Көздерінен туған жеріне, қоршаған ортасына деген жанашырлықты көруге болады. Ең қауіптісі – немқұрайлылық. Біреу қоқысты көріп өтіп кетеді, айналасындағы ретсіздікке мән бермейді, өзінен кейінгі орынды жинамайды. Міне, осының бәрі қоғамға кері әсер етеді. Ал бала кішкентайынан тазалыққа, тәртіпке үйренсе, ата-анасы оған үлгі болса, бұл – дұрыс тәрбие. Болашақ дәл осындай отбасылардың қолында. Себебі мұндай бала ертең тек өзі үшін емес, айналасындағы орта үшін де жауапкершілік сезінетін азамат болып қалыптасады. Қоршаған орта дегеніміз – оның үйі, ауласы, көшесі, мектебі, достары, туған ауылы, ауданы, облысы, тұтас елі. Осының бәрі кішкентай істерден басталады», – деді облыс әкімі.
Әрбір жақсы іс, әрбір игі қадам уақыт өте келе үлкен отансүйгіштік сезімге ұласатынын жеткізді.
«Мемлекет басшысы да осыны үнемі айтып келеді. Әр балаға түсінікті қарапайым қағидадан бастау керек: өзіңнен кейінгі орынды жина, тазалықты сақта және өзгелерге де үлгі бол. Сонда біздің өміріміз де, қоршаған ортамыз да өзгереді. Бүгінде елді мекендерді абаттандыруға қойылатын талаптар артып келеді. Тазалық пен тәртіпті тұрақты түрде сақтап жүрген азаматтарға біз әрдайым ризамыз. Ал бұл іске әлі белсенді араласа қоймаған тұрғындарды тәртіпке шақырып, қажет болса қолдау көрсетеміз. Өйткені қоғам өзгеруі тиіс. Біздің қалаларымыз бен ауылдарымыз әлдеқайда көрікті әрі жайлы болуы керек. Біз мұның мүмкін екеніне көз жеткізіп отырмыз. Миролюбов ауылында болдым. Ауылдың қалай өзгеріп жатқанын көрдім. Орталықта жаңа саябақ салынып жатыр. Сергей Королёв туған жерін шын сүйетін, ауылдың дамуына жанашырлықпен қарайтын азамат екені байқалады. Мына аулаға қарап-ақ отбасының ынтымағы мен еңбегін көруге болады. Мұндай шаңыраққа туыстардың жиі жиналуы заңдылық. Үйде де, аулада да тәртіп бар. Мұны сіздердің көзқарастарыңыздан-ақ аңғаруға болады. Осындай отбасылар «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі құндылықтарын іс жүзінде көрсетіп отыр», – деді облыс әкімі.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
