Бейжай қарамау, белсенді азаматтық ұстаным және мемлекеттік органдар мен жергілікті тұрғындардың өзара іс-қимылы тағы бір рет өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Қостанай облысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің әскери қызметшісі, полиция қызметкерлері және жергілікті тұрғындардың бірлескен жұмысының арқасында із-түзсіз жоғалған жасөспірімнің орналасқан жері анықталды.
2026 жылғы 22 маусымда Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының Тобыл кентінде 13 жастағы Мейрам Болтаев із-түзсіз жоғалып кетті. Жасөспірім үйінен велосипедпен шығып, қайта оралмаған. Баланы іздестіру туралы ақпарат Қостанай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, еріктілер мен әлеуметтік желі қолданушылары арқылы жедел түрде таратылды.
Іздеуге қатысты хабарламаны көрген Қостанай облысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің офицері, аға лейтенант Осман Саужанов өз бастамасымен жасөспірімді іздестіру жұмыстарына қосылды.
Келесі күні Тобыл кентінде жүрген офицер іздеуде жүрген жасөспірімге ұқсас баланы байқайды. Алайда сол сәтте оның жеке басын анықтау мүмкін болмаған. Іздеуді тоқтатпаған аға лейтенант Осман Саужанов жергілікті тұрғындар мен теміржол қызметкерлерін бағдарлап, баланы көрген жағдайда дереу хабарлауды сұрайды.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде сағат 15:55-те жергілікті тұрғын Руслан Ринатович Галиев аға лейтенант Осман Саужановқа қоңырау шалып, Станционная көшесінде іздеудегі жасөспірімге ұқсас баланың жүргенін хабарлайды.
Көрсетілген мекенжайға жедел жеткен әскери қызметші жасөспірімнің жеке басын анықтады. Ол іздеуде жүрген Мейрам Болтаев болып шықты. Осыдан кейін аға лейтенант Осман Саужанов аудандық полиция бөліміне дереу хабар беріп, жасөспірімді келген полиция қызметкерлеріне тапсырды.
– «Әңгіме бала тағдыры туралы болғанда, бейжай қалуға болмайды. Әрқайсымыз қолдан келген көмегімізді көрсетуге тиіспіз», – дейді аға лейтенант Осман Саужанов.
Полиция қызметкерлерінің, жергілікті тұрғындардың және шекарашы офицердің үйлесімді жұмысының арқасында жасөспірім аман-есен табылып, ата-анасына қайтарылды.
Бұл оқиға азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысының маңыздылығын тағы бір мәрте айқын көрсетті.
