Аймақта судың тасу ықтималдығын болдырмау үшін барлық жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су деңгейін бақылау үшін Бейімбет Майлин ауданында болып, жағдай көзбен көрді. Аудан аумағындағы Әйет өзенінде екі жерде мұз кептелісі болған, біріншісі Әйет селосы тұсында, екіншісі Май ауылында.
Былтыр өзенде тазалау мен тереңдету жұмыстары жүргізілген. Осы жылғы алдын алу ісінің арқасында екі аумақтың мұзы қозғалып, судың ағаысы қалыпқа келді.
Көктемгі су тасқыны кезеңіне байланысты аудандағы өзен-көлдер мен су арналарының деңгейі тұрақты бақылауда.
Ахуал қалыпты, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Су деңгейінің өзгерісі тәулік бойы қадағаланып, барлық қажетті алдын алу шаралары жүргізілуде.
«Көктемгі су тасқыны кезеңіне байланысты тәуекелдерді азайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Барлық аудандарда бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Қарасу ауданы аумағында атқарылып жатқан шараларды тексердік, енді Бейімбет Майлин ауданы келіп, жағдайды бағамдадық. Жалпы, Аят өзені бойында мұз кептелістері байқалып, соның салдарынан су деңгейі көтерілген болатын. Алайда жүргізілген тиісті жұмыстардың және Төтенше жағдайлар департаменті күштерінің арқасында бұл мұз кептелістері жойылды. Бұл шаралар өзендегі мұзды қозғап, су өткізу қабілетін арттырады. Соның нәтижесінде туындауы мүмкін қауіптердің барлығы жойылды», – деді Құмар Ақсақалов.
Жалпы алғанда, Бейімбет Майлин ауданы бойынша алаңдауға еш негіз жоқ. Сол сияқты Денисов және Жітіқара аудандарыы аумақтарында да жағдай тұрақты. Тобыл өзені мен су қоймалары бойынша ахуал толық бақылауда, жалпы жағдай айқын.
Өңір басшысы Варварин ауылында орналасқан гидровликалық бекетте те болып, жағдайды бағамдады. Бейімбет Майлин ауданы аумағында су деңгейінің көтерілуі өткен жексенбі күнінен басталған.
«Ең жоғары көрсеткіш сейсенбі күні тіркеліп, су деңгейі 613 сантиметрге жетті. Қазіргі уақытта су деңгейі біртіндеп төмендеп, 570 сантиметр шамасында тұр. Су деңгейінің көтерілуіне өзеннің төменгі ағысында пайда болған бірнеше мұз кептелісі әсер еткен. Төтенше жағдайлар министрлігі мамандары квадрокоптер арқылы әуеден бақылау жүргізіп, осы кептелістерді анықтады. Қажетті шаралар атқарылған соң мұз қозғалып, жағдай тұрақталды», – дейді гидровликалық бекеттің маманы Анна Брем.
Ал топырақтың тоңдануына қатысты бақылау арнайы метеостанциялар мен агробекеттерде жүргізіледі.
«Жалпы, топырақтың жібу процесі жақсы жүріп жатыр. Жердің үстіңгі қабаты кей жерлерде 40-49 сантиметрге дейін жібісе, төменгі қабаттарда 30-50 сантиметрге дейін еріген. Бұл көрсеткіштер топырақтың ылғалды жақсы сіңіріп жатқанын аңғартады. Қазіргі таңда су деңгейі қауіпті межеден аспайды. Бейімбет Майлин ауданы үшін ең күрделі кезең артта қалды. Айта кету керек, тіркелген ең жоғары деңгей табиғи тасқыннан емес, мұз кептелісінің әсерінен болған», – деп қосты облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов.
Бейімбет Майлин ауданы аумағындағы қорғаныс дамбасы 2018 жылы салынған. Қазіргі таңда нысан тиісті баланс ұстаушы мекеменің қарауында.
«Мамандар өзен арнасын тұрақты түрде мониторинг жасап отыр. Су біртіндеп қайтып жатыр. Жоспарланған жұмыстар толық жүргізілгеннен кейін су деңгейі одан әрі төмендеп, шамамен 3 метрге дейін түсуі мүмкін. Қазіргі сәтте мамандар өзен бойында жұмыс жүргізуде. Байқалған мұз кептелістерінің барлығы жойылды. Жалпы өңірдегі гидрологиялық жағдай тұрақты. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты келісімдер аясында гидрологиялық жағдай бойынша ақпарат алмасу күн сайын жүргізіледі. Ресей аумағындағы жоғары ағыста орналасқан су қоймасы бойынша қазіргі таңда су жіберу көлемі тіркелмеген. Әріптес мамандардың мәліметінше, ол жақта да қар толық еріп кеткен, қосымша судың келуін күтіп отырған жоқ», – дейді Бейімбет Майлин ауданының әкімі Қайсар Мыржақыпов.
Денисов ауданына қарасты Набережное ауылынан 4 шақырым қашықтықта, қардың қарқынды еруіне байланысты Аршалы және Набережное ауылдарының арасында жергілікті маңызы бар автомобиль жолын су жырып кеткен болатын. Бүгінде жағдай бақылауда, айналма жол бар.
«Бүгінгі күні су деңгейі 19 сантиметрге төмендеді. Балама жол қарастырылған, қатынас үзілген жоқ. Кеше арнайы тексеру жүргізіліп, барлық жағдай көрсетілді. Негізгі көпір жұмыс істеп тұр. Азық-түлік, дәрі-дәрмек және қажетті заттар толық көлемде жеткізілуде. Жағдай бақылауда. Жалпы, аудан аумағында қар жамылғысының шамамен 90 пайызы еріп кеткен. Орман алқаптарында ғана қар қоры 1,5 метрге дейін сақталған, бірақ бұл қауіп тудырмайды. Даладағы жылғалар толықтай қайтып, ылғалдың негізгі бөлігі сіңіп үлгерген. Сонымен қатар, көршілес ауданы мамандарымен де тұрақты байланыс орнатылған. Жалпы алғанда, трансшекаралық өзендердегі жағдай тұрақты және толық бақылауда», – деді Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев.
Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін бірде-бір тұрғын үйді су басқан жоқ. Өткен жылы қабылданған барлық алдын алу шаралары өз тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, Әйет ауылы маңында жүргізілген су бұру каналын тереңдету жұмыстары судың уақытылы әрі кедергісіз өтуіне ықпал етті.

Жалпы жағдай тұрақты бақылауда. Облыс әкімі барлық бағыт бойынша мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
