Облыс басшысы қалаға қарасты Екідің мен Қызылжұлдыз ауылдары тұрғындарының қуанышын бөлісті.
Халқымыздың салтымен құр қол келмей, әр үйге кілем, теледидар, қонақ көрпелер тарту етті.
Баспаналы болып жатқан қаланың жаңа тұрғындары қолайлы жағдай туғызған мемлекет басшысына, ел үкіметіне, облыс, қала әкімдеріне, қайырымдылық істен шет қалмаған барша ізгі жүректі жандарға алғыс білдірді.
Алғашқы баспаналы болғандардың қатарында екі ауылдан Сағира Ахметжанова (1 адам), Мөлдір Тілеуқабыл (отбасында 8 адам), Кенжетай Есмағанбетов (отбасында 7 адам), Бағдат Түбеков (отбасында 7 адам) сынды ауыл тұрғындары бар.
Облыс әкімі жасалып жатқан жұмыстың бәрі Президент тапсырмасымен атқарылып жатқан іс екенін алға тартты.
«Мемлекет басшысы Қостанайға келіп, елдің жағдайымен танысып кетті. Алдағы жылы Арқалық қаласына келетінін айтты. Бұл қала келешекте мұнан да жақсы болады. Бүгінгі таңда қаладағы институтты университетке айналдыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Ғимараттарды жөндейміз, үлкен-үлкен кешенді істер атқарамыз. Студенттер корпустары, жаңа спорт залдар пайда болады. Мәдениет сарайы жөнделеді. Аэропорт іске қосылады. Жезқазған бағытындағы жолдар жөнделіп, Арқалық тоғыз жолдың торабына айналады», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Ел баспанасынан айырылып қиналған сәтте мемлекеттік транзит арқылы Арқалық қаласының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына 27 пәтер сатып әперу үшін 405 миллион теңге бөлінген еді. Бөлінген қаржы дереу мақсатты іске жаратылып, тұрғындардың өз таңдаулары бойынша қаладан пәтер сатылып әперіле бастады.
Бүгінде қоныс тойын тойлап, «бір жамандықтың бір жақсылығы болады» дегендей, қаладан жайлы пәтерлерге ие болып жатқан тұрғындардың бәрі ризашылықтарын білдіруде. Себебі, ауылдағы саман кірпіштен салынған үйлердің құны әрі кетсе 2-3 миллион теңгеге бағаланады. Ал, үкімет әр отбасы үшін бір үйді 15 миллион теңгеге дейін жоғары шектік бағада сатып әперіп отыр.
Бастапқы кезекте Екідің ауылынан 9, Қызылжұлдыз ауылынан 9 отбасыға пәтер сатып алуға келісім-шарт жасалды. Көшіп келуге ниет білдірген азаматтардың қатары артқан сайын келісім-шарт жасасу үрдістері де одан әрі жалғасып, облыс бюджетінен қосымша қаржы қарастырылып жатыр.
Облыс әкімі өңірге сапары барысында қалаға қарасты Восточный тірек ауылында болып, ауыл мектебінің жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылып жатқан жағымды жаңалығының да куәсі болды. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев таныстырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі сапарын су тасқыны кезінде шайылған көтерме жолдар мен бұзылған көпірлердің уақытша жөндеу жұмыстарын көріп, танысумен жалғастырды. Тасқын судың салдарынан толықтай бүлініске ұшыраған Қызылжұлдыз елді мекенінің қазіргі хал-ахуалымен танысты. Апаттан кейін мұндағы 41 үйдің 37-і тұруға жарамсыз болып қалған. Төтенше жағдай кезінде 185 адам эвакуацияланған. Оның 43-і мектеп оқушылары.
Қазіргі таңда 1-9 сынып оқушылары (40 бала және үшеуі даярлық сыныбына барушы) қала мектебінде білімдерін жалғастыруда. Мектеп мұғалімдері мен өзге мамандары да жұмыспен толық қамтылған.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев
Арқалық қаласы