Қостанай ауданындағы эвакуациялық пунктте жетпістен астам адам жатыр

Қостанай ауданындағы эвакуациялық пунктте жетпістен астам адам жатыр

Бұл ауданда Тобыл жағалауындағы Мичурин, Алтырсары ауылдары көбірек зардап шекті. Саяжай қоғамдары су астында қалды. Шығын шаш-етектен. Бірақ, бастысы, адамдар және үй жануарлары аман. Мұның бәрі – алдын ала эвакуациялау жұмыстарының тыңғылықты жүргізілгенінің арқасы.

Әкімдік өкілдері ұсынған мәліметтерге сүйенсек, құтқару жұмыстарына ұзын саны 2500 адам жұмылдырылыпты. 130-дай техника тынымсыз жұмыс істеген.

«Су тасқыны аталған елді мекендерге 4 сәуірден бастап қауіп төндірді. Ал 5 сәуірде ауданда Төтенше жағдай режимі жарияланды, – дейді бізге сұхбат берген аудандық Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ілиясхан Әмірбек. – Эвакуация шаралары сол кезде-ақ басталып кетті. Ұзын саны 4 мыңнан астам адам және 2500 бас мал қауіпсіз жерге шығарылды. Тоғыз эвакопунктте 1500 орын даярланған еді. Алайда оларға 446 адам ғана қоныстандырылды».

Эвакуациялық пункттерді уақытша паналап жатқан тұрғындар үйлеріне қайтып, туыс-туғандарына кетуіне байланысты, барлығы дерлік 11 сәуірде жабылған. Қазір тек Тобыл қаласындағы «Астана» спорт кешені ішінен ашылған  эвакуациялық панажай жұмыс істеп тұр. Мұнда бүгінде ұзын саны 73 адам жатыр. Олар – «Көктем», «Тимирязев» саяжай қоғамдарының тұрғындары. Бұл жерді паналап отырғандардың басым көпшілігі – сыған ұлтының өкілдері. Бір-біріне ағайындас сыған отбасылары бұған дейін «Көктем» саяжай қоғамында селбесіп өмір сүріпті.

«Үйіміз түгелдей су астында қалды. Ештеңемізді құтқарып үлгермедік. Ол жақта енді өмір сүру мүмкін емес. Тасқын дал-дұлын шығарып кеткен. Баспаналарды өз қолымызбен тұрғызған едік. Сегіз жылдай тұрдық. Мұнда жатқан балаларымыздың өзі қырықтан асып жығылады. Әзірге жағдайымыз жаман емес, жақсы қарап жатыр. Ішер ас, киер киіміміз, төсек орнымыз бар. Ал бұдан кейінгі тағдырымыздың қалай боларын әзірге болжай алмаймыз. Көмек болар деген үміттеміз», – дейді көп балалы аналардың бірі Валентина Иванусова.

Егде жастағы ерлі-зайыпты Зиновьевтердің де барар жер, басар тауы қалмаған. Эвакуациялық пункттердің бірінен екіншісіне көшіп жүр.

«Корей көпірінің түбіндегі «Тимирязев» саяжайында шалым және қызым үшеуіміз тұратын едік. Тасқын қаупі төнген кезде, 1 сәуір күні бізді Наушабаев мектебіндегі пунктке алып келді. 11 сәуірде осы жерге қоныстандырды. Қазір үйіміздің қандай жағдайда екенінен хабарымыз жоқ. Өтемақыға өтініш беріп қойдық. Амандық болса, алдағыны көре жатармыз», – дейді отағасы.

Мұндағы тұрғындардың тағдыры ұқсас. Бәрінің де ортақ тілегі – тезірек басыбайлы баспанаға ие болып, қамсыз тіршіліктеріне оралу.

Толығырақ – газеттің алдағы санында.

Суреттерді түсірген – Айбек Жүзбай

Жаңалықтармен бөлісу