Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай ауданының Озерный, Мәскеу ауылдарына жұмыс сапарымен барды. Бірнеше нысанды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.
Мәскеуліктердің көптен шешімін таппай келе жетқан мәселесі орталықтандырылған ауыз су еді. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, құбыр жүйелері үйді-үйдің ауласына енгізілгенімен, судың өзінен хабар болмай қойды. Бұған сенімнен шықпай қойған алғашқы мердігер кінәлі. Қазіргі таңда оның үстінен іс қозғалып жатқан көрінеді. Ал су тарту жұмыстары қайта жанданғалы тұр. Өскемендік жаңа мердігердің уәдесінше, жұмыс тамыз айына дейін толық аяқталмақ. Оған ешқандай қолбайлау жоқ, қаржы да жеткілікті. Аймақ басшысы салғырттықтың қайталанбауын қадап тапсырды.
Бұдан соң облыс әкімі Мәскеу ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Оның алдында аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов және ауылдық округ әкімі Нұрлан Кузайбин есеп берді. Тұрғындар да өңір басшысына сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Ол жайылымның жетіспеушілігін, қаламен екі ортаға қатынайтын автобустың жоқтығын және былтыр іске қосылуы керек болған ауыз судың жағдайын мәселе етіп көтерді. Қ.Ақсақалов барлық түйткіл жерде қалмайтынын жеткізді.Кейін облыс әкімі Озерный ауылына ат басын бұрып, «К.Маркс» ЖШС-не барды. Тұтас ауылға тіреу болып отырған іргелі серіктестік 1999 жылы құрылған. Мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Мұнда ұзын саны 450 адам жұмыс істеп жатыр. Орташа жалақы – 294 мың теңгеден асады.Одан кейін Құмар Іргебайұлы осы ауылдағы музейге, спорт кешеніне арнайы барып, балалар ойын алаңының құрылысымен танысты.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы