Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өткен сенбілікке қатысып, облыс тұрғындарына үлгі көрсетті.
Өңір басшысы облыс «Триатлон» саябағын және Тобыл өзені жағалауын тазартуға атсалысты. Сенбілікке мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ұйым өкілдері мен белсенді жастар да шықты.
Құмар Ақсақалов алдымен облыста орталығында жүзеге асып жатқан жобалармен танысты. Қала әкімі Марат Жүндібаев қаланың әр ауданында салынған және салынып жатқан жағын саябақтар туралы ақпарат берді.
«Алдымен КЖБИ ауданындағы А.Байтұрсынұлы университеті аумағындағы демалыс аймағына тоқталайын. Бүгінде бұл жерде 4 гектар аумақ толықтай абаттандырылды. Велосипед және жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Тартан жабындысының көптеп төселуі әсіресе аға буын өкілдеріне қолайлы жағдай жасап отыр. Қазірдің өзінде зейнеткерлердің жиналып, дене жаттығуларымен, соның ішінде йогамен айналысып жатқанын көруге болады. Жаз мезгілінде бұл белсенділік одан әрі арта түседі деп күтілуде. Саябақ толық жарықтандырылған, суару жүйесі орнатылған, санитарлық тораптар қойылған. Сонымен қатар спорттық тренажерлар, балалар ойын алаңдары және автотұрақтар қарастырылған. Бастысы Қайырбеков пен Абай көшелерінің арасы жаяу жүргіншілерге ыңғайлы етіп байланыстырылды. Келесі нысан – Темірбаев көшесіндегі 0,7 гектар аумақ. Бұл жер темір жол вокзалы ауданы тұрғындары үшін абаттандырылып, бүгінде халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Арыстанбеков көшесінде 1,4 гектар аумақта жоба жүзеге асырылды. Негізінен жеке инвестициялар есебінен салынды. Қала бюджеті тек жүгіру жолының тартан жабынын қаржыландырды. Бұл аумақта да балалар және спорт алаңдары жасақталып, ағаштар отырғызылды. Қазір тұрғындар белсенді түрде демалып жатыр», – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
«Ұлы дала» саябағы 2017 жылы пайдалануға берілген. Жалпы аумағы – 11 гектар. Бұрын негізгі мәселе суару жүйесінің болмауы еді. Соңғы үш жылда бұл мәселе толық шешілген. Қазір парк толық көгалдандырылып, ағаштар мен газондар жақсы өсіп келеді. Сонымен қатар заманауи балалар алаңдары орнатылып, жарықтандыру жүйесі жаңартылды. Ал орталық жағажай аумағында өзен арнасын тазалау мәселесі шешіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар табиғатты қорғау басқармасы арқылы жүзеге асырылатын болады.
«Орталық саябақта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Жарықтандыру толық жаңартылып, жаңа тастөсемдер төселді, суару жүйесі орнатылды. Жалпы 6 гектар аумақтың 1,2 гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Аттракциондар паркін дамыту бойынша 1,7 млрд теңгелік жоба қарастырылып отыр. Сити-орталық бойынша да жаңа жоба әзірленуде. Жалпы аумағы – 2,3 гектар. Жобалауға 29 млн теңге бөлінді. Мұнда заманауи қоғамдық кеңістік құру жоспарлануда: инженерлік желілер тарту, жарықтандыру, көгалдандыру, брусчатка төсеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл орын қаланың көрнекі визиттік картасына айналуы тиіс. «Мирас» мәдениет үйі жөндеуден өтуде. Шатыры мен сахнасы жаңартылып жатыр. Алайда айналасындағы 0,8 гектар аумақ абаттандыруды қажет етеді. Бұл жұмыстарға шамамен 94 млн теңге қажет», – деді Марат Жүндібаев.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыс тұрғындарының демалатын орындары көп болуы тиіс екенін жеткізді. Бірнеше жыл бұрын өңір басшысы барлық қала және аудан әкімдеріне тиісті тапсырма берген болатын. Яғни, қайда бос жер учаскелері бар болса, оларды шағын саябақтар мен скверлерге айналдыру қажеттігі турасында. Ал жер көлемі жеткілікті болса ірі саябақтарды да салу қажет.
«Екі жыл бұрын генерал Арыстанбеков көшесінде жақсы сквер пайда болды. Өткен жылы А.Байтұрсынұлы атындағы университет яғни, бұрынғы ауыл шаруашылығы институтының маңындағы ұзақ уақыт бос жатқан аумақты абаттандырып, көрікті паркке айналдырдық. Сонымен қатар, Темірбаев көшесінде де шағын саябақ ашылды. Биыл «Триатлон парк» жобасы толық аяқталады. Жаяу жүргіншілер жолының ұзындығы 900 метрден 2,5 шақырымға дейін ұлғайтылды. Балалар мен жастарға арналған көптеген спорттық нысандар салынды. Қаладағы барлық саябақтарды өзім жекесенбі сайын аралап тұрамын. Қуантарлығы ардагерлердің де белсенді түрде спортпен айналысып жатқаны. Жалпы аумақ толық суарылып, көгалдандырылады. Бұл жер қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының біріне айналатыны сөзсіз», – деді Құмар Ақсақалов.
Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданының оңтүстігінде орман алқабында орналасатын жаңа экопарк салу жобасын таныстырды. Жобаның жалпы аумағы – 43 гектар. Жобаға сәйкес, ең алдымен автотұрақ аймақтары қарастырылған. Келушілер арнайы сәнді арка арқылы өтіп, ересектер мен балаларға арналған ойын-сауық аймағына кіреді. Мұнда балаларға арналған шағын сәулеттік формалар, спорттық тренажерлар, демалыс орындықтары орнатылады.
«Экопарктің басты ерекшеліктерінің бірі – орман ішінде орналасатын жарықтандырылған велосипед және жүгіру жолдары. Олардың жалпы ұзындығы 2,5 шақырымнан асады. Сонымен қатар, тұрғындар мен қонақтардың қызығушылығын арттыру үшін спорт алаңдары салынады. Атап айтқанда, көпфункционалды футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары қарастырылған. Бұл парктің тағы бір артықшылығы – табиғи тыныштық атмосферасы. Негізгі кіреберістен небәрі 5 минут жаяу жүрген адам өзін қала сыртында жүргендей сезінеді. Дегенмен, парк Қостанай қаласының орталығынан бар болғаны 10 минуттық жерде орналасқан. Ал «Астана» шағын ауданының тұрғындары үшін бұл демалыс орны жаяу жететін қашықтықта болады. Аталған жоба шағын ауданның тартымдылығын арттырып, тұрғын үй таңдауда маңызды факторлардың біріне айналады деп күтілуде. Болашақта парк аумағында жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, тротуарлар мен қосымша демалыс аймақтары да қарастырылған», – деді Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев.
Айта кету керек, бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Өткен жылы әр облыс орталығының маңында экопарк ашу қажеттігі туралы нақты тапсырма берілген болатын.
«Бұл жоба Мичурин ауылының маңындағы орман алқабында жүзеге асырылады. Жалпы аумағы – 40 гектар. Қаржы қарастырылған. Жоба аясында велосипед жолдары, жаяу жүргіншілер аймақтары, жарықтандыру жүйесі, спорт алаңдары салынады. Яғни табиғи орман атмосферасы сақтала отырып, заманауи демалыс орны қалыптастырылады.
Бұл экопарк облыс тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналады деп сенемін. Ерекше жоба, енді сәтті аяқтау қажет», – деді Құмар Ақсақалов.
Облыста елді мекендерді абаттандыру және экологиялық жағдайды жақсарту үшін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Соңғы үш жылда бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыруға 54 млрд теңге бағытталған. Сонымен қатар, өңір кәсіпкерлері әлеуметтік жауапкершілік аясында меморандум негізінде кейінгі үш жылда абаттандыру жұмыстарына 7 млрд теңгеден астам қаражат бөліп отыр.
«Осы кезеңде 94 парк пен сквер салынып, абаттандырылды, 420 балалар және спорт алаңдары орнатылды. Нәтижесінде тұрғындар үшін заманауи, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасып, халықтың өмір сапасын арттыруға және қоғамдық белсенділігін күшейтуге ықпал етуде. Сондай-ақ 200-ден астам көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шатырларды жөндеу және сыртқы қабырғаларды жылылау нәтижесінде тұрғын үй қорының техникалық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Бұл өз кезегінде ғимараттардың сенімділігі мен ұзақ мерзімділігін арттырып, жылу шығынын азайтты және тұрғын үйлерді пайдалану жағдайын жақсартты. Сонымен қатар, қалалар мен ауылдардың сәулеттік келбеті де айтарлықтай жақсарды», – дейді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Сабыржанов.
Бағдарлама аясында мыңнан астам ескі және апатты ғимараттар сүріліп, 39 мыңнан астам жарық шамдары орнатылды. Көшелерді жарықтандыру деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда 82 пайыздан 94 пайызға дейін өсті. Елді мекендерді көгалдандыру бағытында да көрсеткіш жақсы. Өңірлік көгалдандыру жоспарына сәйкес 374 мың жасыл желек отырғызылды. Өткен жылы жоспарланған 105,4 мыңның орнына 143,9 мың көшет отырғызылған.
«Сонымен қатар, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландыру есебінен 2024 жылы жалпы сомасы 795 млн теңгеге екі жоба іске асырылды. Осы жылы жалпы құны 7,2 млрд теңге болатын тағы екі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін дамытуға, өңірдегі экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қайта өңделетін шикізат үлесін ұлғайтуға жол ашады», – деді Азамат Сабыржанов.
Осы жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жағасып жатыр. Қоғамдық кеңістіктерді дамытуға, саябақтар мен алаңдарды абаттандыруға, тұрғын үй қорын жөндеуге, спорт алаңдарын орнатуға 16 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.



















Сонымен қатар, облыс бойынша елді мекендерде 77,3 мың ағаш отырғызу міндеті қойылған.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
