Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың азаматтарды жеке қабылдауы «AMANAT» партиясының облыстық филиалының алаңында өтті.
Қоғамдық маңызы бар бірқатар мәселелер көтеріліп, тұрғындардың өтініш-тілектері тыңдалды. Әкім әр мәселе бойынша тиісті тапсырмалар беріп, нақты шешім жолдарын ұсынды.

Сарыкөл ауданына қарасты Соналы ауылында интернет пен ауыз суға қатысты проблемалар қозғалды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. 2025 жылы Beeline компаниясымен бірлесіп байланыс мұнарасы орнатылып, 4G интернет желісі іске қосылады. Бұдан бөлек, ауыл мектебіне Starlink спутниктік интернеті орнатылған.
Ауызсу мәселесі де назардан тыс қалмады. 2025 жылдың шілде айына дейін су құбыры желісі, насос станциясы және екі резервуар салу көзделіп отыр. Бұл жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында болады.

Қосқұдық ауылынан Щербаков мектебіне қатынайтын 41 оқушыны тасымалдауға арналған көлік қажеттілігі жөнінде мәселе көтерілді. Биылғы жылы лизинг арқылы мектеп автобустары сатып алынып, олардың бірі Алтынсарин ауданына берілетін болады. Мәселе бақылауға алынды.

Бородина көшесінде орналасқан «Жылуэнергетикалық компания» аялдамасынан «Кораблик» аялдамасына дейін жаяу жүргіншілер өткелін орнату туралы ұсыныс түсті. Бұл бағытта Қостанай қалалық полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы нұсқама шығарғаннан кейін ғана белгі орнатылады. Облыс әкімінің тапсырмасымен әкімшілік полиция басшысы Нұрбек Шәриев өтініш иелерімен бірге оқиға орнына барып, өткелдің қажеттілігін зерделейтін болады.

«Тұрғындардың көтерген әрбір мәселесі – біз үшін маңызды. Азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін нақты шешімдер қабылданып, жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді», – деді Құмар Ақсақалов.
Жеке қабылдаулар азаматтардың өзекті мәселелерін билікке тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.
